Басты бетЖаңалықтарАлматы әкімдігі...

Алматы әкімдігі ауа райына байланысты көлік иелеріне үндеу жасады

«Қазгидрометтің» ұзақмерзімді болжамы бойынша 5-10 қараша және 23-30 қараша күндері Алматыда қар аралас жаңбыр жауады. Соған байланысты Алматы әкімдігі қала көшелерінің қарын тазалауға 1 000-ға жуық арнайы техниканы дайындап отыр.

Қала әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі кезде қар тазалайтын барлық арнайы техника жұмысқа 100% дайын.

Қыс кезінде қар тазалаумен 993 арнайы техника және 1 320 жол жұмысшысы айналысады. Егер қар қалың жауатын болса, қосымша 150 жүкаударғыш машина тартылады. Оқыс оқиғаларды болдырмау үшін жолды тазалауға кететін уақыт нормативін ескере отырып, барлық арнайы техниканың қозғалыс бағыты және бекітілген учаскедегі қар тазалау технологиясы бойынша жаттығу сабақтары өтеді, — деп хабарлады Алматы әкімінің баспасөз қызметі.

«Алматы тазалық» кәсіпорны қар тазалау жұмысын тиімді ұйымдастыру үшін қала тұрғындары мен қонақтарына рұқсат етілмеген жерлерге көлік қалдырмауды және жолдардағы кептеліске түсіністікпен қарауды ескертеді.

«Қазгидрометтің» мәліметінше, Алматыда 5 қарашаға қараған түні қар аралас жаңбыр басталып, кідіріспен 6 қарашаның алғашқы жартысына дейін жауады. 5 қарашаға қараған түні ауа температурасы 0 градус шамасында болып, күндіз 5-7 градус жылыға дейін төмендейді, 6 қарашаға қараған түні температура 0-ден 1 градус төмен, күндіз 0-ден 2-4 градус жоғары болады.

Тротуарларда, әсіресе әл-Фараби даңғылының жоғары жағындағы жолдың көлік қозғалысы бөлігіне мұз қатып, көктайғақ болуы мүмкін, сондықтан автоәуесқойлар мен жаяу жүргіншілерден қауіпсіздіктің барлық шарасын сақтауды сұраймыз. Жүргізушілерден көлік дөңгелектерін қысқыға ауыстыруды өтінеміз. Көлік жүргізу тәжірибесі аз автоәуесқойлар мұндай күндері автомобильден бас тартқаны жөн, — деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметі.