Дүйсенбіде оңтүстікте қар жауып, солтүстікте жаяу бұрқасын соғады

Оңтүстік Каспий циклонының және сонымен байланысты құбылыстардың әсерінен Қазақстанның көп бөлігінде жауын-шашын түседі, республиканың оңтүстігінде жаңбыр қарға ұласады. Өңірлерде жел күшейеді, тұман түседі, көктайғақ болады, солтүстік-батыста, солтүстікте, орталықта және солтүстік-шығыста жаяу бұрқасын соғады.

«Қазгидромет» кәсіпорны мамандарының болжамына қарағанда Түркістан облысында қар аралас жаңбыр жауады, тұман түседі, көктайғақ болады, жел екпіні секундына 25 метрге жетеді, ауа температурасы 3-8 градус жылыға дейін, кей жерде 0 градусқа дейін төмендейді.

Ақмола, Қостанай, Павлодар, Қарағанды ​​облыстарында көктайғақ болады, жел екпіні секундына 23 метрге дейін күшейеді, жаяу бұрқасын соғады, Қостанай, Павлодар, Қарағанды ​​облыстарында тұман түседі. Қызылорда облысында да тұман түседі, көктайғақ болады, жел екпіні секундына 25 метрге жетеді. Жамбыл облысында тұман түседі, екпіні секундына 28 метрге жететін жел соғады. Ақтөбе, Алматы облыстарында тұман түседі, жел екпіні секундына 15-22 метрге дейін күшейеді. Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында тұман түседі.