Әбдіжәміл Нұрпейісов 95 жасқа толды

Жазушының шығармалары 35 тілге аударылып, миллиондаған тиражбен тараған. Бұл туралы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев құттықтау сөзінде атап өтті.

Жазушының шығармаларын Қазақстан ғана емес, әлем біледі. Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыздың жақында Алматының Құрметті азаматы атанғанына мақтанамыз. Бұл — оқырмандарының оған көрсеткен құрметі мен алғысы, — деді Бақытжан Сағынтаев.

Алматы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, салтанатты шараға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, жазушылар, аудармашылар, зиялы қауым мен жастар қатысты.

Әбдіжәміл Нұрпейісов — Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері. 1942 жылы орта мектепті бітірген соң Қызыл Армия қатарына шақырылады. Запасқа шыққаннан кейін 1947 жылы өзі қатысқан Балтық маңындағы Курляндиядағы жау әскерін қоршау операциясы туралы алғашқы ірі туындысын жазуға кіріседі. «Курляндия» романы қоғамның жоғары бағасын алып, 1950 жылы осы шығармасы үшін жазушыға Қазақ КСР-інің Жамбыл атындағы Мемлекеттік сыйлығы беріледі.

Оның екінші ірі шығармасы — революцияға дейінгі кездегі Арал балықшыларының өміріне арналған «Ымырт», «Сергелдең», «Күйреу» кітаптарынан тұратын «Қан мен тер» тарихи-революциялық трилогиясы. 1974 жылы роман КСРО Мемлекеттік сыйлығын иеленді. «Қан мен тер» романының сценарийі бойынша көркемфильм түсіріліп, пьесалар қойылды.