Батыс Қазақстан облысында онлайн-несие рәсімдеуге байланысты алаяқтық фактілері бойынша қылмыстық істер тергеліп жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Тергеу мәліметінше, 2026 жылғы 4 ақпанда белгісіз тұлға микроқаржы ұйымдарының бірін пайдаланып, Қазақстан азаматының атына заңсыз несие рәсімдеген.
Тексеру барысында жәбірленушінің несие алуға қажетті биометриялық деректерді ұсынбағаны анықталды. Оның орнына үшінші тұлғаның мәліметтері заңсыз пайдаланылған.
Осыған ұқсас тағы бір жағдайда күдіктілер басқа микроқаржы ұйымы арқылы азаматтың атына онлайн-несие рәсімдеп, қаражатты дропперлердің банктік шоттары арқылы өзге адамдарға аударған.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, микроқаржы ұйымдарының көмегімен жасалған мұндай алаяқтық әрекеттерден кемінде 70 азамат зардап шеккен.
Қазіргі уақытта аталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Осыған байланысты прокуратура азаматтарды жеке деректерін үшінші тұлғаларға бермеуге және құпия ақпараттың қауіпсіздігіне мұқият қарауға шақырды.
