Алматыда соңғы бір апта ішінде безгектің екі сырттан әкелінген жағдайы тіркелді. Қауіпті инфекция Габон мен Вьетнамнан оралған қала тұрғындарынан анықталған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының мәліметінше, жыл басынан бері мегаполисте безгектің осындай төрт жағдайы тіркелген.
Дәрігерлер науқастардан тропикалық және үш күндік безгек анықталғанын мәлімдеді. Мамандардың айтуынша, тропикалық безгек ең қауіпті түрлердің бірі саналады. Уақытылы емделмеген жағдайда ол миға, бауырға, бүйрекке және тыныс алу жүйесіне зақым келтіріп, ауыр асқынуларға, тіпті өлімге әкелуі мүмкін.
Ал үш күндік безгек салыстырмалы түрде жеңіл өтеді. Алайда оның қоздырғышы адам ағзасында ұзақ уақыт сақталып, бірнеше айдан кейін қайта пайда болуы ықтимал.
Қазіргі уақытта барлық жағдай зертханада расталған. Науқастар стационарда ем қабылдап жатыр. Сонымен қатар эпидемияға қарсы қажетті шаралар қолға алынған.
Мамандардың айтуынша, тұрғындар арасында инфекцияның кең таралу қаупі жоқ. Өйткені тіркелген жағдайдың барлығы шетелден әкелінген. Безгек ауруы тек жұқтырған Anopheles тұқымдас масаның шағуы арқылы таралады.
Дәрігерлер бұл дерттің тұрмыстық жолмен жұқпайтынын еске салады. Ауру адаммен қол алысу, бір ыдысты пайдалану, тамақ немесе су арқылы безгек жұқпайды.
Безгектен қалай сақтануға болады?
Безгек бүгінде әлемдегі ең кең таралған паразиттік инфекциялардың бірі болып қала береді. Ауру Африка, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде, сондай-ақ Латын Америкасының бірқатар мемлекетінде жиі кездеседі.
Мамандар безгек қаупі жоғары елдерге сапар алдында алдын алу шараларымен танысып, дәрігерден кеңес алуға кеңес береді. Сондай-ақ маса шағудан қорғайтын құралдарды пайдаланып, москит торларын орнатып, денені толық жабатын киім кию қажет.
Әсіресе Вьетнамға сапарлайтын азаматтарға сақтық шараларын күшейту ұсынылады. Елде ауру деңгейі төмендегенімен, кейбір ауылдық және орманды аймақтарда жұқтыру қаупі әлі де сақталып отыр.
Шетелден оралғаннан кейін дене қызуының көтерілуі, қалтырау, әлсіздік, бас ауруы сияқты белгілер байқалса, дереу дәрігерге қаралу қажет. Сонымен бірге медицина қызметкерлеріне шетелде болғаныңызды міндетті түрде хабарлаған жөн.
