Қасым-Жомарт Тоқаев Әбдіжәміл Нұрпейісовті 95 жасымен құттықтады

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, соғыс ардагері Әбдіжәміл Нұрпейісовті 95 жас мерейтойымен құттықтады.

Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев халық жазушысына құттықтау жеделхатын жолдады.

Сізді егемен еліміздің әдебиеті мен мәдениетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан аса көрнекті жазушы, сөз өнерінің патриархы ретінде қадірлейміз. Қазақ қаламгерлері арасынан дараланып шығып, бірегей тұлға дәрежесіне көтерілген Өзіңізді үнемі мақтан етеміз,- деg жазылған жеделхатта.

Президент жазушының «Қан мен тер», «Соңғы парыз» романдары қазақ көркем сөзінің алтын қазынасына еніп, әлем әдебиетінде өзіндік орны бар рухани құндылыққа айналғанын және жазушының жалпыадамзаттық мәселелерді арқау еткен шығармалары арқылы халқымызды дүниежүзі танығанын да айтқан.

Баршаны алаңдатқан Аралдың ахуалы Сіздің қайталанбас туындыларыңызда көрініс тапты. Ел мүддесін жаһандық деңгейге жеткізіп, оқырманның шексіз ықыласына бөленіп келесіз… Жазушылық жолыңыз, ғибратты ғұмырыңыз жалғаса берсін! Сізге зор денсаулық, шығармашылық табыс, бақ-береке тілеймін», — деп жазды Мемлекет басшысы.

Әбдіжәміл Нұрпейісов 1924 жылы 22 қазанда Қызылорда облысындағы Құланды ауылында туған.