Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

Бала қауіпсіздігі: ата-аналар жиі жіберетін қателіктер

Фото: Қазақстандағы қоғамдық даму институты
Бала қауіпсіздігі – отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан кәмелетке толмағандардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірудің алдын алу бүгінгі күні ерекше маңызға ие.

Мамандардың айтуынша, баланы қауіпті жағдайда қалдыру – ата-ананың немесе заңды өкілдің баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төнуі мүмкін жағдайларда тиісті бақылау жасамауы.

Мұндай жағдайларға баланы үйде немесе қоғамдық орындарда қараусыз қалдыру, кішкентай балаларды ересектердің бақылауынсыз қалдыру, жасөспірімдердің түнгі уақытта ата-анасының қарауынсыз жүруі, балалардың су айдындарына, құрылыс нысандарына немесе басқа да қауіпті орындарға бақылаусыз баруына мүмкіндік жасау, сондай-ақ мас күйдегі адамның қарауында қалдыру жатады.

Ата-аналардың міндеті

Қазақстан заңнамасына сәйкес ата-аналар баланың өмірі мен денсаулығын қорғауға, тәрбиесіне жауап беруге, оның толыққанды дамуына жағдай жасап, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға міндетті.

«Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабына сәйкес, кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамаған заңды өкілдер әкімшілік жауапкершілікке тартылады», – дейді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы Ботагөз Жалекешова.

Аталған бап бойынша алғаш рет құқық бұзғандарға ескерту жасалады немесе 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Егер құқық бұзушылық қайталанса, 15 АЕК-ке дейін айыппұл немесе бес тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы қарастырылған.

Қазіргі уақытта осы бап бойынша 16,8 мыңнан астам заңды өкіл жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігі мен тәрбиесіне тиісінше көңіл бөлмейтін 5,9 мыңнан астам ата-ана профилактикалық есепте тұр.

Қандай құқық бұзушылықтар жиі кездеседі?

Полиция тәжірибесінде кәмелетке толмағандар арасында түнгі уақытта қараусыз жүру, ұсақ бұзақылық, қоғамдық тәртіпті бұзу, буллинг, бопсалау, төбелес және ұрлық фактілері жиі тіркеледі.

Жаз мезгілінде балалардың терезеден құлауы мен су айдындарындағы қайғылы оқиғалар да көбейеді.

Мамандардың пікірінше, баланың қауіпсіздігі, ең алдымен ата-ананың бақылауынан басталады.

«Ата-аналарға баланың қайда жүргенін бақылау, интернеттегі қауіпсіздігіне назар аудару, бос уақытын тиімді ұйымдастыру, баламен ашық сөйлесу және оның араласатын ортасын жақсы білу ұсынылады. Баланың қауіпсіздігі – ата-ана, қоғам және мемлекеттік органдардың ортақ жауапкершілігі», – деді Ботагөз Жалекешова.

Құқық бұзушылықтар азайып келеді

ІІМ мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы айларында кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар саны өткен кезеңмен салыстырғанда 12,5 пайызға төмендеген.

Соған қарамастан, мамандар көбіне бақылаусыз қалатын жас санаты 15 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер екенін атап өтеді. Бұл кезеңде балалардың дербестікке ұмтылып, ата-ананың бақылауы әлсіреуі мүмкін.

Түнгі рейдтердің нәтижесі қандай?

Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция тұрақты профилактикалық рейдтер өткізеді.

Нәтижесінде ӘҚБтК-нің 442-бабы бойынша 68,8 мыңнан астам заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар балалардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында жүруіне жол берген 1,6 мыңнан астам мекеме иесі мен әкімшілігі жауапқа тартылған.

Бұл құқық бұзушылық үшін ескерту немесе 3 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылса, қайталанған жағдайда айыппұл көлемі 7 АЕК-ке дейін ұлғаяды.

Әлімжеттік пен зорлық-зомбылық жағдайлары

2024 жылы балалардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған заңнамалық өзгерістер енгізілді.

Олардың қатарында балаларға қатысты зорлық-зомбылық бойынша татуласу мүмкіндігін алып тастау, кәмелетке толмағандарды зорлағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын енгізу, сексуалдық сипаттағы тиіспеушілік пен суицидті насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік белгілеу бар.

Сонымен бірге әлімжеттік (буллинг) үшін де жауапкершілік қарастырылған. Алғашқы жағдайда ескерту немесе 10 АЕК көлемінде айыппұл салынса, қайталанған жағдайда 30 АЕК айыппұл көзделеді.

Бүгінде еліміздегі барлық білім беру ұйымына учаскелік инспекторлар, ювеналдық және криминалдық полиция қызметкерлері бекітілген. Жалпы саны 8 мыңға жуық маман жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын жүргізіп келеді.

ІІМ ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға шақырады. Егер балаға қатысты құқық бұзушылық фактілері белгілі болса, 102 нөмірі арқылы полицияға немесе 111 сенім телефонына хабарласуға болады.

Мақалаға реакция