Ерлан Бекқожин «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалды. Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасының сайты хабарлады.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Нұргүл Мәуберлинова «Хабар» агенттігінің ұжымына жаңа басшыны таныстырды. Алан Әжібаев басқа қызметке ауысуына байланысты «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасы болып Ерлан Бекқожин тағайындалды. Вице-министр Нұргүл Мәуберлинова Алан Әжібаевқа атқарған қызметі үшін алғыс айтты, — делінген хабарламада.
Ерлан Бекқожин бұған дейін «ҚР Президентінің телерадиокешені» коммерциялық емес акционерлік қоғамының бас директоры қызметін атқарып келген. Ол 1985 жылы С.М.Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетін, 2000 жылы Орталық Азия университетін бітірген.
Журналистік қызметі барысында «Қазақ радиосында», Қазақ теледидары жаңалықтар бағдарламасына, «Хабар» агенттігінде, «Мир» мемлекетаралық телерадиокомпаниясында жұмыс істеді.
1998-2003 жылдары «Мир» телерадиокомпаниясының Қазақстан Республикасындағы филиалының директоры, 2003-2009 жылдары «Литер Media» серіктестігінің бас директоры, 2009 жылдан бері ҚР Президентінің телерадиокешенін басқарды.