Марат Әзілханов пен Нұргүл Мәуберлинова Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі атанды

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің екі жаңа орынбасары тағайындалды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Марат Алмасұлы Әзілханов ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі қызметіне тағайындалды, — делінген хабарламада.

Сонымен бірге ҚР Үкіметінің қаулысымен Нұргүл Мәуберлинова да Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі болып тағайындалды, ол бұған дейін атқарған қызметінен босатылды.

Үкімет қаулысымен Динара Щеглова берген өтініміне сәйкес Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі қызметінен босатылды.

Марат Әзілханов 1965 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Емдеу ісі мамандығы бойынша Қарағанды мемлекеттік медициналық университетін, Құқықтану мамандығы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің академиясын тәмамдаған.

Еңбек жолын 1988 жылы бастаған. 1988-1992 жылдары Қызылорда қалалық ауруханасының дәрігер-интерні, Қызылордадағы №5 емханасының хирург дәрігері болып, 2011-2013 жылдары ҚР Дін істері агенттігі төрағасының орынбасары болып қызмет етті. 2013-2014 жылдары ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы, 2014-2016 жылдары ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі, 2016-2018 жылдары ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің жауапты хатшысы болды.

Жаңа қызметке тағайындалға дейін ҚР Қоғамдық даму министрлігінің жауапты хатшысы қызметін атқарды.

Нұргүл Мәуберлинова 1973 жылы Қарағанды облысында туған. Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін және Қазтұтыну одағының Қарағанды экономикалық университетін бітірген. Еңбек жолын 1992 жылы бастаған. Мемлекеттік және коммерциялық құрылымдарда қызмет етті. 2006-2008 жылдары ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитетінің бас маманы, бас сарапшысы, 2008-2012 жылдары ҚР Премьер-министрі кеңсесінің Ақпараттық-сараптамалық орталығының бас кеңесшісі, 2012-2016 жылдары ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі директорының орынбасары, ҚР Парламенті Мәжілісінің кеңесшісі лауазымдарында болды.

2016-2018 жылдары ҚР Ақпарат және коммуникациялар қызметінің Ақпарат комитетінің төрағасы болып жұмыс істеді. 2018 жылы сәуірде ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі қызметіне тағайындалды.