Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев мерекеге орай БАҚ өкілдерін марапаттады

Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев байланыс және ақпарат саласы қызметкерлерінің меркесіне орай бірқатар БАҚ өкілдерін марапаттады.

«Баршаларыңызды кәсіби мерекемен құттықтай отырып, сіздерге мықты денсаулық, зор табыс тілеймін! Отанымыздың өркендеуі жолындағы игілікті істеріміздің берекелі болуына тілектеспін. Сенат депутаттары ретінде осы залда отырған ақпарат саласының майталмандарына үлкен құрметпен қарайды. Сіздердің кәсіби шеберліктеріңізді, отансүйгіштік адамгершілік қасиеттеріңізді жоғары бағалаймыз. Бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі тұрақты түрде өсіп келеді. Тіпті, әлеуметтік желілер пайда болса да, дәстүрлі БАҚ-тың рөлі бәсеңдемейді, керісінше олар озық технологияларды жұмыс құралына айналдырып отыр. Біздің елдегі журналистика ауқымды реформалардың ұдайы алдыңғы сапында. Баспа және электрондық басылымдар миллиондаған адамдардың көңіл түкпірінен берік орын алды. «Көп сөз ұтпайды, дөп сөз ұтады» демекші, отандық бұқаралық ақпарат құралдары кәсіби түрде шебер, шынайы және жедел жұмыс жүргізуде. Депутаттар сіздерді әрдайым мақтан тұтады», — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен, Парламент Сенатының Құрмет грамотасымен «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, «ҚазАқпарат» ХАА бас директоры Асқар Умаров, «Нұр Медиа» холдингінің бас директоры Жанай Омаров, «Астана» арнасының бас директоры Ләззат Танысбай, Atameken Business Channel телеарнасының бас директоры Қанат Сахариянов, «Хабар» агенттігі» АҚ-ның басқарма төрағасы Алан Әжібаев, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп және өзге де БАҚ басшылығы марапатталды.

Бұдан бөлек, Сенат төрағасының Алғыс хаттары «Ана тілі» газетінің бас редакторы Самат Ибраимға, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы орынбасары — бас редактор Айбын Шағалақовқа, «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдырға,  «ҚазАқпарат» ХАА бас директорының кеңесшісі Қаламқас Әбуоваға тапсырылды.

Дереккөзkazinform.kz