Асқар Мамин Қостанай облысында машина жасау туралы айтты

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Президент пен Тұңғыш Президенттің тапсырмасы бойынша Асқар Мамин жұмыс сапары барысында машина жасау саласын дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөлді. Қостанайдың жаңа Индустрия аймағында құрылыстың алғашқы кезеңі аяқталды, «Беларусь» және «Кировец» тракторларының өндірісі іске қосылды. Аймақ аумағында барлығы 3 мың жұмыс орнын құру, 350 миллиард теңгеге 14 жобаны орналастыру көзделген.

Асқар Мамин «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС өндірістік цехтарын қарады, онда жеңіл және жүк автокөліктері мен автобустардың шанақтары құрастырылып, боялады.  Кәсіпорынның жыл сайынғы өндірістік қуаты — 27 мың данадан астам, мұнда 8 брендтің 50-ден астам автокөлік үлгісі құрастырылады.

Премьер-министр Қазақстанда автокөлік құрастыру және ауыл шаруашылығы машинасын жасау мәселелері жөнінде жұмыс кеңесін өткізіп, биыл шілдеде қабылданған Машина жасауды дамытудың 2019-2024 жылдарға арналған жол картасында қолдау шаралары қарастырылғанын айтты. Жоспарда 2020 жылға қарай жылына 100 мың автокөлік шығару міндеті тұр.

Асқар Мамин сапар барысында «Баян Сұлу» АҚ кондитер фабрикасын аралап, Қостанай ауданының «Заречное» ТШ» ЖШС алаңдарындағы ауыл шаруашылығы дақылдарының егісін қарады. Заречное ауылындағы «Северный» ықшамауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 279 жеке және 11 көпқабатты тұрғын үй салынғалы отыр. Бүгінде 172 үйдің құрылысы аяқталған, осы жылдың соңына дейін 107 үй салынады.

Асқар Мамин Қостанай облысында
Асқар Мамин Қостанай облысында. Фото: Primeminister.kz

Асқар Мамин күннің екінші жартысында Рудныйда жүйе құрушы кәсіпорындарға да барды, олар: «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ Соколов карьері, Рудный цемент зауыты, «Лидер-2010» серіктестігінің сүт өңдеу және сүт өнімдерін шығару кәсіпорны.