2019 жылдың алғашқы екі айының қорытындысы бойынша Қазақстан автоөнеркәсібі 5,6 мың көлік шығарды. Еnergyprom.kz зерттеушілерінің мәліметінше, бұл былтырғы көрсеткішке қарағанда 34,6%-ға көп. Республика бойынша осы жетістіктің 65,2%-ы Шығыс Қазақстан облысына тиесілі, яғни өңірде 3,6 мың автокөлік шығарылды, бір жылда көрсеткіш 32,6%-ға артты.

Өскеменде елдегі негізгі автокөлік жасайтын екі зауыттың бірі — «Азия Авто» АҚ жұмыс істейді. Зауыт жыл соңына дейін 30 мың жеңіл көлік шығаруды жоспарлап отыр.  Зауыттың серіктестері — әлемнің жетекші концерндері: Volkswagen Group, General Motors, Renault-Nissan-АвтоВАЗ және KIA Motors.

«Азия Авто» LADA (Granta, Vesta, Xray, Largus, Kalina, 4×4), ŠKODA (Octavia, Rapid, Superb, Yeti, Kodiaq), Chevrolet (Aveo, Captiva, Cruze, Tracker), KIA (Rio, Cerato, Optima, Cadenza, Quoris, Picanto, Soul, Sportage, Sorento, Mohave) маркалы автокөліктерін шығарады.

Өскеменде үлкен құрылыс қолға алынды. 2020 жылы мұнда жаңа автокөлік зауыты салынады.  500 гектар аумақтың 1,5 миллион шаршы метр топырағы тегістелді, 16 мың шаршы метр бетон төселіп, 365 баған қағылды. Цехтың каркасы дайын. Зауыттың құрылысы тоғыз жыл бұрын Үкімет пен «Азия Авто» АҚ қол қойған автокөлік құрастыру туралы келісім аясында жоспарланған. Мұнда жылына 120 мың автокөлік шығарылмақ. Жобаға инвестиция 400 миллион долларға бағаланған. Бірақ жоспар өзгерді — алдымен құжат бойынша мәселелер туындаған, одан кейін экономикалық дағдарыс себеп болған. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Романа Склярдың айтуынша, «Азия Авто Қазақстан» АҚ жобасы аясындағы құрылыс уақыты Қазақстан нарығында 2014-2016 жылдардағы жоспардан тыс қысқартуларға байланысты өзгерген. Жобаның жұмысы белгісіз мерзімге дейін тоқтатылған.

Дегенмен Қазақстанның автокөлік нарығы 2017 жылы қайтадан қарқын алды. Нәтижесінде «Азия Авто Қазақстанның» бірінші кезеңдегі қуаты 2019 жылға жоспарланған. Министрдің мәлімдеуінше, нақты мерзім жобаны қаржыландыру туралы мәселенің шешіміне байланысты болады. Автокөлік кәсіпорнының техникалық даму жөніндегі директоры Дмитрий Поповтың айтуынша, биыл цех қораптарының құрылысы толық аяқталады, жабдықтарды орнату және іске қосуды бастау жоспарланып отыр. 2020 жылы жаңа автокөлік зауытынан 60 мың машина шығарылады.

Автокөлік құрастыру
Инфографика: Еnergyprom.kz

Жеңіл автокөлік өндірісінің 34,8%-ы Қостанай облысына тиесілі. Мұнда  1,9 мың көлік шығарылып, бір жылда арту көрсеткіші 38,6%-ға тең болды. Облыста «СарыаркаАвтоПром» ЖШС жұмыс істейді. Компанияның мәліметінше, бұл — республикадағы құрастыру өнеркәсібінің талаптарына сай келетін жалғыз автозауыт.  Дилерлік орталықтар Қазақстанның барлық аймағында жұмыс істейді.

Осы жылдың қаңтар айынан бастап жеңіл көлік сегментінде қазақстандық өндірістің үлесі 50,6-дан 61,2%-ға дейін артты. Сәйкесінше импорт үлесі азайды — бір жылда 49,4-тен 38,8%-ға қысқарды.

Автокөлік құрастыру
Инфографика: Еnergyprom.kz

Отандық техниканың жиынтық сатылымы бойынша жетекші рольді «Азия Авто» АҚ атқарады (3063 автокөлік сатылған, яғни жергілікті автокөлік құрастырудағы үлесі — 62,5%). Екінші орында — «СарыаркаАвтоПром», ол 1638 көлік шығарған (сегменттегі үлесі — 33,4%). Бұдан кейінгі орынды «СемАЗ» ЖШС (102 транспорт, 2,1%), «КАМАЗ-Инжиниринг» АҚ (55 машина, 1,1%), Hyundai Trans Auto (28 машина, 0,6%) және Daewoo Bus Kazakhstan ЖШС (12 машина, 0,2%) алып отыр.

Ақпан айында әрбір екінші сатып алушы LADA брендін таңдаған. Олардың үштен екісі «Азия Авто» желісіне тоқталған.

Автокөлік құрастыру
Инфографика: Еnergyprom.kz

«КазАвтоПром» одағында биыл екі айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда құрастырылған жеңіл көліктер арасында сұранысқа ие бестігі аталды: Lada (2 260 авто), Hyundai (1 469 авто), KIA (602 авто), Chevrolet (126 авто) және Skoda (102 авто). Отандық кәсіпорындар ұсынатын маркалар тізіміне сонымен бірге JAC (54 авто), UAZ (21 авто) және Peugeot (жеті) бар.

Автокөлік құрастыру
Инфографика: Еnergyprom.kz