Асқар Мамин АҚШ елшісі Уильям Мозермен кездесті

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин АҚШ-тың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Уильям Мозермен кездесті. Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тараптар инвестиция, мұнай, агроөнеркәсіп салаларында ынтымақты дамыту мәселелерін талқылады.

Құрама Штаттар Қазақстанның басты серіктестерінің әрі инвесторларының бірі болып қала бермек, — деді Премьер-министр.

Ол 2018 жылғы қаңтарда ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ Президенті Дональд Трамп қол жеткізген уағдаластықтарды іске асыру және өзара тиімді іс-қимыл көкжиегін кеңейту қажет екенін айтты.

2018 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 37,3% немесе 2,2 миллиард долларға дейін өсті. Америка инвестициясының Қазақстан экономикасына ағымы 44,7% өсті және 5,3 миллиард долларға жетті, бұл — жаңа абсолют рекорд.

Инвестиция тартып, стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асыру үшін инвесторларға аса қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударылады. Жаңа тәсілдер америкалық серіктестер үшін неғұрлым қолайлы болады, — деді Асқар Мамин.

Перспективалы экспортқа бағдарланған салаларда инвестиция жобаларын іске асыру мәселелерін тиімді шешу үшін тікелей шетелдік инвестиция бойынша Үйлестіру кеңесі және Тікелей шетелдік инвестициялар қоры құрылды.

Асқар Мамин Американың ірі компанияларының агроөнеркәсіп секторындағы жобаларын жүзеге асырудың келешегі зор екенін атап өтіп, Қазақстан аумағында өндіріс ұйымдастыру мүмкіндігі туралы әңгімеледі.

Уильям Мозер инвестиция ахуалын жақсарту тәсілдерін жоғары бағалап, Американың Қазақстанмен ынтымақты қазіргі форматта жалғастыруға дайын екенін айтты.