Интернеттегі есірткі саудагерлеріне жаза күшейтіледі

Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта есірткіге қатысты жағдай әлем бойынша түбегейлі өзгерді. Қоғамның иммунитеті қалыптасқан есірткі түрлерін анағұрлым қауіпті синтетика алмастырып отыр. Қазіргі заманғы технологиялардың дамуы денсаулыққа қауіпті заттардың таралуына жағдай жасап тұр. Әлеуметтік желілер, бақыланбайтын мессенджерлер, шетелде тіркелген аноним төлем жүйелері тыйым салынған препараттарды алыстан сатудың жаңа әдісіне айналды.

Жыл сайын түрлі есірткі затын сататын 4,5 мыңнан астам сайт бұғатталады. ІІМ бастамасымен заңнамаға бақылауға алынатын есірткі заттарының тізіміне психикаға белсенді әрекет ететін жаңа заттарды мейлінше қысқа мерзім ішінде толтыруға мүмкіндік беретін түзетулер енгізілді. Бұл тізімге қазір есірткінің барлық белгілі түрі мен олардың баламасы кіреді. Сонымен бірге есірткіні интернет-ресурстар арқылы таратуға қарсы бірнеше заң бастамасы қарастырылып жатыр, — деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.

Министрлік қылмыс заңнамасына есірткі сатудың жазасын күшейту туралы түзету жасады, қылмыс құрамы «сату мен тасымалдау мақсатында есірткі мен психотроп заттарды дайындау, сатып алу, сақтау мен тасымалдау туралы ұсыныстарды электрон ақпарат құралдарына орналастыру» деген нышанмен толықтырылды.

Мұндай әрекеттің қаупін ескере отырып, ол үшін 15-тен 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе мүлкін тәркілеумен бірге өмір бойы бас бостандығынан айыру қылмыстық жауапкершілігін белгілеу ұсынылып отыр. Сонымен бірге үгіт-насихат немесе есірткі жарнамасы арқылы есірткі қолдануға итермелеу үшін жауапкершілік енгізуді де ұсынамыз. Бұл әрекет үшін балама жазамен бірге 4 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырамыз. Егер қылмыс электрон ақпарат ресурстарының көмегімен жасалса, кінәлілер 3-тен 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы керек, — дейді ІІМ өкілдері.

Бұл түзетулер Парламент Мәжілісінің қарауына палата жұмысының кезекті сессиясының басында жіберіледі.

Бұл шаралар есірткі сайттарының электрон мекенжайы көрсетілген граффити жасау, есірткі сайттарына әкімшілік жасау, электрон ресурстардың көмегімен есірткі сату сияқты іс-әрекетті қылмыс өндірісі саласы деп қарастыруға мүмкіндік береді. Есірткінің жаңа синтетика түрлерін қолдануға негізінен жасөсіпірімдер мен оқып жатқан жастар әуес екенін ескере келе Ішкі істер министрлігі ата-аналарға балалары қолданатын интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілерді бақылауға кеңес береді, — деп хабарлады ҚР ІІМ баспасөз қызметі.

Еске салайық, 2018 жылы наркодиллерлерге қатысты жазаны өмір бойы бас бостандығынан айыруға дейін қатайтуды сол кезде Парламент Сенатын басқарған Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған еді. Оның айтуынша, есірткі бизнесі мемлекеттің ұлттық мүддесіне қауіп төндіреді, сол себепті бұл заңсыз қызметті терроризммен тең деп қарастыру қажет.

Бұдан соң ҚР Ішкі істер министрлігі Ұлттық банк пен Қаржы министрлігіне интернетте аноним төлем жасауға тыйым салу туралы ұсыныс жолдады. Ішкі істер министрлігі өкілдерінің айтуынша, бұл шара өзге елдерден келетін есірткі мен психотроп заттар легін шектеуге мүмкіндік береді.

ДереккөзZakon.kz