Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Әке де ата-ана ғой. Баланы жалғыз тәрбиелеудің жүгі қандай?

Фото: ChatGPT
«Нағыз батыр екен, балаларын өзі өсіріп отыр». Қазақстанда жалғызбасты әке туралы сөз болғанда мұндай пікір жиі айтылады. Алайда баласын жалғыз өсіріп отырған ана туралы қоғамның ойы мүлдем басқа. Біріне таңданыс білдірсе, екіншісінің еңбегін қалыпты құбылыс деп біледі. Мұның себебі не және қоғамдағы әкенің рөлі туралы зерттеулер не дейді?
Baribar.kz тілшісі Әкелер күніне орай бала тәрбиесі, ана мен әкенің отбасындағы рөлін зерттеп, оқырманға ұсынып отыр.

Әкенің рөлі өзгеріп келеді

Көп уақыт бойы қоғамда әке отбасының асыраушысы, ал ана бала тәрбиесіне жауапты адам деген тұжырым болды. Дегенмен кейінгі кезде бұл түсінік өзгеріп жатыр. Қазір әке отбасының тұрмыс жағдайын қамтамасыз ететін адам ғана емес, баланың күнделікті өміріне араласып, тәрбиесі мен дамуына жауапты тұлғаға айналып келеді.

Қазақстандық қоғамдық даму институтының зерттеуінше, ерлердің 57,2%-ы ата-ана болуды өміріндегі басты міндет деп санаса, 31,5%-ы өміріндегі негізгі міндеттің бірі деп атаған.

Зерттеу нәтижесі Қазақстандағы әкелердің отбасына деген көзқарасы тек материалды міндетпен шектелмейтінін көрсетеді. Мәселен, ерлердің 82,7%-ы бала тәрбиесі әкенің де, ананың да ортақ міндеті деп біледі.

Осыған қарамастан қоғамда әкенің рөліне қатысты ескі түсінік әлі де бар. Әсіресе, жалғызбасты әке туралы сөз болғанда бұл анық байқалады.

Неге жалғызбасты әкеге әлі күнге дейін таңғаламыз?

Баланы жалғыз тәрбиелеу кімге болса да оңай емес. Алайда бала тәрбиесін мойнына алған ер адам көбіне ерекше құрметтеледі. Оның күнделікті атқарып жүрген жұмысы кейде ерлікпен пара-пар көрінеді.

Бір жағынан мұндай пікір жақсы ниетте айтылуы мүмкін. Дегенмен мұның астарында «бала тәрбиесі — әйел адамның міндеті» деген жасырын ой бар. Сондықтан ер адамның баласын жалғыз мектепке апарып, тамақтандырып, сабағын оқуға көмектесуі — көпшілікке тосын құбылыс.

Бақытжан Смағұл, жалғызбасты әке, алты бала тәрбиелеп отыр:

Жалғызбасты әке болудың қиындығын сөзбен айтып жеткізу қиын. Әсіресе балалар кішкентай кезде оңай емес. Үйден ұзап шыға алмайсың, бала қарайсың, үй шаруасын істейсің. Бір баланы сабаққа апару керек, біреуін үйірмеден алу керек, енді бірі балабақшаға барады. Тамағы, киімі, сабағы бар, бәріне үлгеруге тиіссің. Осындай кезде екі адамның жұмысын бір адамның атқаруы оңай емес екенін түсінесің, — дейді Бақытжан Смағұл.

Жалғызбасты әке, Бақытжан Смағұл отбасымен
Фото: Жеке архивінен

Шын мәнінде жалғызбасты әке де, ана да бірдей жауапкершілік арқалап жүр. Екеуі де баланың қауіпсіздігіне, тәрбиесіне, денсаулығына, біліміне және эмоциялық жағдайына жауап береді. Ата-ана болуды жынысына қарай бағалау қаншалық орынды деген сұрақ туады.

Нұрсәуле Болатханқызы, жалғызбасты ана, төрт бала тәрбиелеп отыр:

Жалғызбасты әке мен анаға деген көзқарастың айырмашылығы бар деп ойлаймын. Қоғамда әйел адам көбіне үйдің ұйтқысы, бала тәрбиесіне жауапты адам ретінде қабылданады. Баланың тамағы, киімі, тәрбиесі мен болашағына қатысты міндеттің басым бөлігі анаға байланысты болып көрінеді, — дейді төрт баланың анасы.

Психолог Гүлжан Қалиқызының айтуынша, қоғамдағы ата-ана рөліне қатысты қалыптасқан көзқараста ер мен әйелге қойылатын талап екі түрлі.

Гүлжан Қалиқызы
Гүлжан Қалиқызы/Фото жеке архивінен ұсынылды

Қоғам жалғызбасты әке мен анаға бірдей қарамайды. Баласын күйеуіне қалдырып кеткен әйел көбіне сынға қалса, дәл осындай жағдайда қалған ер адамға көзқарас өзгеше болуы мүмкін. Бұл ата-ананың жақсы не жаман болуынан емес, қоғамның ата-ана міндетін ер мен әйел арасында бөліп қарастыруынан туындайды, — дейді Гүлжан Қалиқызы.

Әке мен бала арасындағы қарым-қатынас

ҚҚДИ-дің «Қазақстан отбасылары» зерттеуі бойынша, көп отбасында балаға қарау, оның бос уақытын ұйымдастыру және тәрбиесіне қатысты міндетті әкесі мен анасы бірлесе атқарады. Демек, қазір әкелердің басым бөлігі бала тәрбиесін қадағалауды қалыпты құбылыс деп біледі.

Жалғызбасты ата-ананың еңбегі жеткілікті деңгейде бағаланбайды деп ойлаймын. Қос тарапты  бөліп қарамай, екеуіне де бірдей көңіл бөлген дұрыс. Бала тәрбиелеп, оны қатарынан қалдырмай өсіру — кез келген ата-анаға үлкен жауапкершілік, — дейді Нұрсәуле Болатханқызы.

Әкелердің өзі де бала тәрбиесіне көбірек араласуға дайын екенін айтады. Зерттеу нәтижесіне қарасақ, ерлердің 60,4%-ы жұмысбасты болғанының кесірінен отбасына көп уақыт бөле алмайтынын мойындаған.

Ерлердің 78,7%-ы баласымен арадағы қарым-қатынастың бұрынғыдан да сенімді бола түскенін айтқан. Бұл қазіргі әкелердің тәрбиедегі рөлі өзгеріп жатқанын көрсетеді. Дегенмен ұлы да, қызы да бар әкелер айырмашылық бар екенін сезеді.

Көбі ер баланы тәрбиелеу қиын деп ойлайды. Мен үшін қыз баланы тәрбиелеу оңайға соқпады. Олардың жан дүниесі басқа. Көбірек көңіл бөлу керек, түсіну керек. Қыз баланы тәрбиелеу маған үлкен жауапкершілік жүктеді, — дейді Бақытжан Смағұл.

Жалғызбасты ананың еңбегі құнсызданып жатқан жоқ па?

Психологтың айтуына қарағанда, көбіне ананың балаға беретін қамқорлығы мен эмоциялық еңбегі құнсызданып жатады. Себебі қоғамда бала тәрбиесі мен күтімі ананың табиғи міндеті деген түсінік қалыптасқан. Салдарынан әйелдің күнделікті еңбегі көзге көрінбей қалады.

Мамандар бала үшін ең маңызды фактор ата-ананың жынысы емес, оның тұрақты қолдауы мен эмоциялық жақындығы екенін жиі айтады. Баланың өзін қауіпсіз сезінуі, сенім қалыптастыруы және тұлға болып дамуы үшін оның жанында қамқор ересек адамның болғаны керек.

Жалғызбасты әке де, жалғызбасты ана да екі адамның жауапкершілігін қатар көтеріп жүреді. Сондықтан қоғам оларды бөліп қарамай, ең алдымен баласына тәрбие беруге тырысып жүрген ата-ана деп қабылдауы керек, — дейді психолог маман Гүлжан Қалиқызы.

Психологтың айтуынша, жалғызбасты әке мен жалғызбасты анаға қатысты қоғамда әлі де таптаурын бар. Мұндай түсінік бір күнде пайда болған жоқ, олар ұрпақтан ұрпаққа беріліп, уақыт өте қалыпты құбылыс болып қабылдана бастаған.

Жалғызбасты әкелерге де көбірек көңіл бөлінсе деймін. Бізді жалғызбасты аналардан бөліп қараудың қажеті жоқ. Балаларын тастамай, бағып-қағып, өсіріп жүрген әкелер де көп. Сондықтан қолдау көрсеткенде ата-ананы жынысына қарап емес, жағдайына қарап бағалау керек деп ойлаймын, — дейді алты баланың әкесі Бақытжан.

***

Тағы оқыңыз:

Зерттеу: Қазақстанда әйелдердің 79%-ы бала тууды жоспарлау қажет дейді

Мақалаға реакция