Сириядағы Қазақстан әйелдерінің терроризмге қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр

ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді Сирия аумағының Түркиямен шекаралас жерінде балалары бар Қазақстан азаматтарының қалып қойғаны туралы ақпаратқа байланысты түсінік берді.

Бұл ақпаратты журналист Асхат Ниязов Facebook желісінде жазған еді.

Алты әйел және 16 бала, Қазақстан азаматтары, сегіз ай бойы Сирияда босқындарға арналған лагерьде жатыр. Маған Сирияда өмір сүріп жатқан қазақстандықтар хабарласты. Олар көмек сұрайды. Түркиямен шекаралас аумақтағы босқындарға арналған лагерьде тұрып жатыр екен. Жатқандарына сегіз ай болыпты. Неге оларға Қазақстанға келуіне көмектеспеске? Әрине, оларды онда баруға ешкім итермелеген жоқ, бірақ олар күйеулерінің артынан барды. Күйеулерінің барлығы қаза болған. Енді олар не істемек? Бәлкім, соғысуға баратын шығар. Ал біздің қазақстандық балалар осындай жағдайда өмір сүруі керек пе?, — деп жазды Ниязов.

Журналистердің сұрағына жауап берген Мұхтар Тілеуберді Сирия мен Ирактағы Қазақстан азаматтары мен олардың балаларының қайда өмір сүріп жатқанын анықтау және елге қайтару жұмысы жүріп жатқанын айтты.

Бізде ақпарат бар, біздің Иорданиядағы елшілік пен Ливандағы бас елшілік қызметкерлері азаматтарымыздың қайда жүргенін анықтаумен айналысып жатыр. Сонымен қатар сонда жүрген адамдардың ата-анасынан өтініштер алып жатырмыз. Бұл жұмысты тек СІМ жүргізіп жатқан жоқ, сонымен бірге арнайы қызметтер, Қорғаныс министрлігі және ІІМ мамандары жұмылдырылған. Егер оларды алып қайтатындай мүмкіндік туса, ұшақ бөлінеді, — деді министрдің бірінші орынбасары.

Мұхтар Тілеубердінің айтуынша, Сирия мен Ирак билігі қазақстандықтардың терроризмге қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.

Кейбір әйелдердің балалары бар. Біз олардың лаңкестік шараларға қатысы бар-жоғы туралы айтпаймыз. Бізге тек ата-анасының рұқсаты керек. Олар бізге балаларды алып кетуімізге рұқсат беруі керек, ал өздері тексеріс аяқталғанға дейін сонда болады, — деді Мұхтар Тілеуберді.

ДереккөзTengrinews.kz