Не болды?
Қазақстанның спортшылары Қытайдың Гуйян қаласында өткен Бокстан әлем кубогының екінші кезеңін аяқтады. Халықаралық турнирде Қазақстан құрамасы бес алтын медаль жеңіп алды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Ұлттық олимпиада комитетінің мәліметі бойынша, 54 келі салмақ дәрежесіндегі Әлем кубогы финалында Назым Қызайбай мен Италияның спортшысы Сирин Чарааби кездесті. Жекпе-жек 4:1 есебімен аяқталып, Назым Қызайбай алтын медаль жеңіп алды.
60 келіге дейінгі салмақта Виктория Графеева Олимпиада чемпионы болған Юй-Тин Лиді (Тайбэй) жеңді. Осылайша, шешуші жекпе-жекте Қазақстанның боксшысы Виктория Графеева да алтын медаль иегері болды.
70 келіге дейінгі салмақта финалда Абылайхан Жүсіпов пен Үндістанның боксшысы Дипак жекпе-жекке шықты. Төрешілердің шешімі бойынша, Абылайхан Жүсіпов жеңімпаз болып, алтын медаль алды.
Бокстан әлем кубогының финалында 50 келі салмақ дәрежесінде Қазақстан мен Өзбекстанның боксшылары бақ сынады. Жекпе-жек үш раундқа созылды. Нәтижесінде Санжар Тәшкенбай Асылбек Жалиловты 3:2 есебімен жеңді.
90 келіден жоғары салмақта Айбек Оралбай мен Германияның боксшысы Никита Путилов жұдырып түйістірді. Үш раундқа созылған жекпе-жек 5:0 есебімен аяқталды. Осылайша, Айбек Оралбай қарсыласынан басым түсіп, жеңімпаз болды.
Контекст
Естеріңізге салайық, World Boxing ұйымының әлемдік рейтиңінде Қазақстанның бірнеше спортшысы көш бастаған еді.
