Алматы полицейлері есірткі сататын 128 сайтты жапты

Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, нашақорлықпен және есірткі бизнесіне қарсы күрес барысында заңсыз айналымнан 62 келіден астам есірткі тәркіленді.

Атап айтқанда, 669 грамм героин, 24 келі гашиш пен 36 келі марихуана тәркіленді. Интернет желісін қадағалап, есірткі заттарын тарату туралы ақпараты бар сайттарды анықтау жұмысы үздіксіз жүргізіліп жатыр. Осы жылы сондай 138 сайт анықталып, 128-і бұғатталды, — дейді Алматы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Талғат Беркінбаев.

Бұған дейін Алматы полициясы есірткі сату қылмысы туралы шағымды ұялы телефонның арнайы қосымшасы арқылы қабылдайтынын хабарлаған еді. Есірткі бизнесіне қатысты фактілер мен басқа да ақпаратты жолдауға арналған қосымшаны полицейлер KazCyberSystems ЖШС-мен бірге жасаған. Қосымша Stoptraffic деп аталады, ол әзірше Android базасындағы құрылғыларға ғана арналып отыр.

Жүйе хабарламаны фото және видео, қажет болған жағдайда мәтін форматында жолдауға мүмкіндік береді. Ол әзірше Алматы аумағында ғана жұмыс істейді, келешекте бүкіл ел аумағында жұмыс істеуі мүмкін. Жасалған бағдарламаның көмегімен есірткі заттары жасырылатын жерлерді, олардың тұтынылуы, сатылуы, тасымалдануы, соған қатысы бар қылмыстық пиғыл пен есірткі қылмысына күдіктілердің мекенжайы туралы ақпаратты жедел хабарлауға болады. Мұндай ақпаратты азаматтар аноним жағдайда, яғни жеке бас мәліметтерін көрсетпей-ақ жариялай алады. Сонымен бірге бұл қосымша ақпаратты жолдауға ғана мүмкіндік беретінін, оны қолданушылар арасында хабарлама алмасу платформасы бола алмайтынын атап өткіміз келеді, — дейді Талғат Беркінбаев.