Қазақстан жоғары градусты ішімдікті тұтыну жөнінен Орталық Азияда бірінші орында тұр. Елімізде героинге тәуелді 127 мың адам бар. Қор президенті Бақыт Түменованың айтуынша, мұндай көрсеткіштер тәуелділікпен күресте басқа әдістерді қолдану қажет екенін аңғартады.

Бақыт Түменова
“Аман-саулық” қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменова. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Тыйым салу мәселені шешудің жолы емес. Соғыс аяқталғаннан кейін Кеңес Одағында жасанды түсік жасатуға рұқсат етілмеді. Соңында қылмыс жолымен түсік жасатушылар саны артты. Ішімдікке тыйым салғанда заңсыз, сапасыз ішімдіктерге сұраныс көбейді. Зияны еселеп келді. Әлемде 1 миллиард  адам темекі шегеді, бұл – өте үлкен көрсеткіш. Сол себепті қазіргі ғылым одан түбегейлі бас тартуға емес, зияны төменірек болатын нұсқаларды ұсынып отыр, – дейді Бақыт Түменова.

Қор президенті мамыр айында Портта (Португалия) өткен зиянды азайту жөніндегі 26-шы халықаралық коференцияға Қазақстан атынан қатысты. Оның айтуынша, шараның елдің астанасында емес, Портта өтуінің маңызды себебі бар. Есірткі транзиті болған қалада нашақорлардың саны бұрынғы көрсеткіштен бірнеше есе төмендеген. Оған 20 жыл бұрын қабылданған саяси шешім себеп болып отыр.

Португалия 2001 жылы есірткіні тұтынуды декриминализациялау және нашақорлықпен күрестің жазалау әдістерінен медициналық-әлеуметтік тәсілге көшті. Сол жылы үкімет есірткіні жеке мақсатта қолдануды қылмыстық сипаттан арылтты. Нәтижесінде артық дозалаудан және АИТВ-дан (Адамның иммун тапшылығы вирусы) өлім-жітімнің саны азайды. Қазір Еуропада есірткіден көз жұматындар саны бойынша Португалия соңғы орында тұр, – дейді Бақыт Түменова.

Португалия қоғамы декриминализацияның нәтижесінде есірткіге тәуелділерді қылмыскерлер ретінде емес, емдеуді қажет ететін пациенттер ретінде қабылдай бастаған. Маманның айтуынша, бұл елдің тәжірибесінен үлгі алуға болады.

Қазір Қазақстанда есірткі тұтынатын адамдарға бюджеттен тегін шприц, презервативтер таратылады. Бұл – оның және басқа адамдардың өмірін сақтау үшін жасалған алдын алу шарасы. АИТВ жұқтырған адам дәрі-дәрмекке жылына орта есеппен 3-4 мың доллар жұмсайды. Шприц бағасы бұнымен салыстырғанда әлдеқайда аз екенін білеміз, яғни біз мәселені түбегейлі шеше алмайтын жағдайда оның зиянын азайту нұсқасына осылайша өтуіміз керек, – дейді Бақыт Түменова.

Зиянды азайту тұжырымдамасы  – әрбір адамның денсаулығын сақтауға бағытталған тәсіл. Маманның айтуынша, есірткіні, ішімдік пен темекіні саналы қолданатын адамдарға әдетте тәуелділіктен бас тарту қиын. Сол себепті “зиянды төмендету” тәсілін қолдана отырып, қоғам олардың құқығын құрметтеп, басқа баламалар ұсынуы қажет.

Денсаулық туралы кодекстің қазіргі жобасында инфекциялық емес аурулардың қауіп-қатерін азайту үшін балама әдістер ұсынылады. Кодекс осы ретте темекі шегуге қатаң шектеулер қояды. Мысалы, электрон темекіні және темекіні қыздыру жүйесін дәстүрлі темекіге теңестіру және оларға тыйым салу ұсынылады. Мұндай тәсіл шылым шегушіні зияны азырақ нұсқаға өтуіне немесе темекіден мүлдем бас тартпауды таңдау еркіндігінен айырады, – дейді ол.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде ересек тұрғындардың 22%-ы темекі шегеді. Шылымға бұрыннан құмартушылар темекіге тәуелділік уақыт өте келе өлімге себеп болуы мүмкін екенін де біледі.