Қасым-Жомарт Тоқаев Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті қабылдады.
Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Бауыржан Байбек Мемлекет басшысына Nur Otan партиясының қазіргі жағдайы, мемлекеттік органдармен өзара ықпалдастық тетіктерін жандандыру және Президент Әкімшілігімен бірлескен жұмыстарды қамтамасыз ету жөнінде мәлімет берді.
Бауыржан Байбек өңірлерге жасаған сапарларының қорытындысы, бастауыш партия ұйымдарымен жұмыс және партия қатарын тазарту үдерісі туралы баяндады. Сонымен қатар ол демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясы қызметінің тоқтағаны және партияның Қоғамдық сенім ұлттық кеңесі жұмысына институционал қатысу жоспары жөнінде хабарлады.
Президент партия мен халық арасында байланысты күшейту қажет екенін айтты. Мемлекет басшысы партия мүшелерін ел өміріне белсенді атсалысуға және халыққа жақын болуға үндеді.
Партия азаматтар үшін ашық әрі жақын болуға, халықтың мүддесін тиімді қорғауға тиіс. Партияның қоғамдық қабылдаулары Президенттің виртуал қабылдауымен тығыз байланыста болып, тұрғындардың мәселесін шешудің шынайы тетігіне айналуы қажет, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.