Бауыржан Байбек Алматы халқына ықыласын білдірді

Алматының экс-әкімі Бауыржан Байбек Instagram-дағы парақшасында төрт жылда еткен еңбегі туралы жазып, жаңа қызметке тағайындалғанын хабарлады.

Құрметті алматылықтар! Өзім туып-өскен Алматыға қызметке келгенім кеше ғана сияқты еді. Міне, төрт жыл өте шықты. Осы кезеңде сүйікті қаламызға аянбай еңбек еттім. Көп жобаны бірлесе іске асырдық. Маған үлкен сенім артып, Алматының әкімі етіп тағайындаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысым шексіз. Атқарылған әрбір игі іс Елбасының зор қолдауымен іске асты, — деді Бауыржан Байбек.

Сонымен қатар ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысын білдірді.

Президент лауазымына кіріскеннен үнемі қолдау білдіріп, Алматыға арнайы келіп, метро және жолайырықтар құрылысының қарқынын үдетуге, қосылған аудандарда инфрақұрылымды дамытуға қолдау көрсеткен, сайлаудан кейін мені қайта тағайындаған Касым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа үлкен алғыс білдіремін, — деді Алматының экс-әкімі.

Бауыржан Байбек өзінің қала әкімі болған кездегі атқарған ірі шараларды атады.

Қала әкімі қызметіне кірісе сала Nur Otan партиясының басымдықтары негізінде «Алматы-2020» бағдарламасын әзірлеп, оны қоғаммен тікелей талқыладық. Ол ойдағыдай іске асып жатыр. «Қала адамдар үшін» концепциясы аясында бірқатар көшелер жаңғыртылды, өндіріс ошақтары ашылды, экономика өркендеп, ауқымды инвестициялар тартылды. Қызметіміздің үлкен бір бағыты ұлттық рухты көтеру болды. Елбасы қолдауымен ЮНЕСКО аясында Алматының 1000 жылдығын атап өтіп, қаламыздың өткенінен сыр шертетін «Алматы» музейін аштық. Осылайша, Алматының мыңжылдықтар бұрын бабалар салған алтын бесік, атажұрт екенін айшықтадық. Ұлттық өнерімізді дәріптейтін халықаралық шаралар ұйымдастырып, бірқатар өнер ордаларын аштық, — деді ол.

Экс-әкім Nur Otan партиясын халық пен билікті байланыстырар дәнекер ретінде көретінін айтты.

Бүгін қарапайым азаматтардың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, өзекті мәселелерді көтеріп келе жатқан, халық пен биліктің арасындағы дәнекер – Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалдым. Ел тарихындағы осынау жауапкершілігі мол тұста сенім артып отырған Елбасыға үлкен алғыс айтамын. Халықтың мемлекетке және ертеңгі күнге деген сенімін арттыруға, ел бірлігін нығайтуға, яғни Елбасы бағдарын іске асыруға бағытталған партия саясатын орындауға бар күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз, — деді Бауыржан Байбек.

Сонымен қатар ол алматылықтарға жылы лебізін білдірді.

Баршаңызға ықыласымды білдіре отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін!, — деді Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары.