Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан әкіміне тапсырма берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгіновті қабылдады.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, әкім Президентке астананың 2019 жылдың бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде мәлімет берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Алтай Көлгіновке қалада салынып жатқан құрылыс нысандарының қарқынын күшейту, қолжетімді баспана салу, инвестиция тарту ісін жандандыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың тұрмысын жақсарту үшін бірқатар тапсырма берді, — деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Еске салайық, 25 шілде күні Премьер-министр Асқар Мамин Нұр-Сұлтанды дамытудың кешенді жоспарын іске асыру барысын бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысын өткізген еді. Онда қаланың жиынтық құрылысы жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру, газбен жабдықтау, қала маңын дамыту және үлестік құрылыс мәселелері талқыланды.