Дарынды спортшыны еске алуға Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров та келді. Ол жұртшылықты жас спортшыны үнемі еске алып жүруге үндеді.
Бүгін еліміздің көрнекті азаматы Денис Тенді еске алу шарасына жиналып отырмыз. Ол өзінің қысқа ғұмырында өшпес із қалдырып, тарихқа еліміздің атын алтын әріппен жазып кетті. Денистің шексіз талантты бала болғанын бүгін — оның өмірден өткенінен тура бір жылдан соң тағы да өкінішпен айтып отырмыз. Ол — көрнекті мәнерлеп сырғанаушы ғана емес, жан-жақты талантты әрі жүрегі кең адам. 2011 жылы ол Жапонияда жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмектесті. 2014 жылы ұйымдастырылған «Денис және оның достары» шоуынан түскен қаражат алты жасар Нұрсат Жақыпбаевтың еміне аударылды. Оның дүниеден ерте өтуі — отбасы мен жақындары, бүкіл қазақстандық үшін өте ауыр қаза. Мен бәріңізді өз отандастарын бауырындай көрген, елінің атын шығарған осындай талантты адамды құрметтеуге шақырамын. Көрнекті мәнерлеп сырғанаушыны әрдайым еске алып жүретіндерге алғысымды білдіремін. Денис біздің жүрегімізде, — деді Ержан Бабақұмаров.
Мәнерлеп сырғанау спорты бойынша Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Құралай Ұзұрова да Денисті еске алып, оның бүгінгі жастарға үлгі екенін айтты.
Денистің ұлы спортшы екені, істеген еңбегі әрдайым есімізде. Ол — жас спортшыларымыз үлгі тұтатын тұлға. Олар Қазақстанның спортшылары Денистің жеңісіне қарап еңбектенсе, көп жеңіске жететінін түсінеді. Денистің орны ойсырап қалды. Жас та болса, өзінен үлкен бапкерлерге көмектесіп жүретін. Әлем спортына Денистей азамат жетпейді. Оның бағдарламасы үнемі керемет философиялық ойға құрылатын еді. Жас спортшыларымыз осындай ұлы адамның өмірден ерте өткенін ұмытпаса екен деймін, — деді Құралай Ұзұрова.
Денис Тен спорт пен мәдениеттің түрлі саласындағы адамдармен, халықаралық сайыстар чемпиондарымен жақсы дос, әріптес болды. Солардың бірі — Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері, балуан Ислам Байрамұқов. Спортшы кеше ғана мәнерлеп сырғанаушының аяқалысына қуанған сәтін еске алды.
Ол өзінің өнеріне ерекше шығармашылық көзқараспен кірісетін еді, оны тамаша жүзеге асыратын да. Аз ғана ғұмырында ешқашан өшпейтін із қалдырды. Денисті үлгі тұтқан қанша жас, қанша ата-ана спортқа ден қоя бастады. Денис Тенді Елбасымыздың марапаттаған сәті әлі күнге дейін көз алдымда. Сол кезде оған сүйсініп, алдағы сайыстарда сәттілік тілеп едік. Зұлымдықтың бәрі дәл жанымызда болады. Сондықтан абай болыңыздар, қасыңыздағыларға да бейжай қарамаңыздар, — деді Ислам Байрамұқов.
Еске алу жиынына Денис Теннің бапкері Юрий Гуськов та келіп, дарынды спортшы туралы лебізін білдірді.
Денис Тен ұлы спортшы ғана емес, ол — ұлы адам да, Қазақстанның патриоты. Денис әлі де көп жеңіске жетіп, еліміздің туын көкке көтерер еді. Оның жоспары көп болатын. Біз оны еске алған сайын ол біздің қасымызда жүргендей болады, — деді Юрий Гуськов.
Спорт шеберінің досы, әнші Әли Оқапов та Денис Тен ескерткіші алдында оған ықыласын білдірді.
Бүгін — біз үшін маңызды күн. Мен Денистің қандай үлкен жүректі адам болғанын еске салғым келмейді, оны бәріміз білеміз. Ол өнердің адамы болды. Мәнерлеп сырғанаумен бірге өзін түрлі салада көрсетті. Рақмет саған, Денис, өнерің үшін, бәріміздің мақтанышымыз болғаның үшін, — деді Әли Оқапов.
Денис Тенді еске алуға мәнерлеп сырғанау спортының әлемге әйгілі жұлдыздары да келді. Олардың арасында Мао Асада, Дайсуке Такахаши, Елена Радионова, Кэйтлин Уивер, Эндрю Поже және басқалар бар. 20 шілде күні олар «Денистің достары» атты мұз шоуына қатысады. Бұрын мұндай шоуды мәнерлеп сырғанаушының өзі өткізетін.
Айта кетейік, Денис Тен 2018 жылдың 19 шілдесінде Алматыдағы Құрманғазы және Байсейітова көшелерінің қиылысында кісі қолынан қаза тапты. Жұртшылық бұл жерге бір жыл бойы гүл әкеліп, спортшының рухына тағзым етті. 2019 жылы аталған көшелердің қиылысына Денис Тенге арналған ескерткіш қойылды.