Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Студенттерге арналған ипотека. Шәкіртақы табыс болып санала ма?

Ару Есболатова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Жоғары оқу орнында оқып жүріп, пәтер сатып алу студенттер үшін мүмкін емес сияқты. Ипотека рәсімдеу үшін ресми табысты растап, қомақты бастапқы жарна мен зейнетақы аударымдары болу қажет. Ал студенттердің басты табыс көзі — шәкіртақы. Алайда шәкіртақы алмайтын студенттер де бар. Шәкіртақыны табыс деп есептеп, ипотека алуға бола ма?
Baribar.kz студенттерге арналған тұрғын үй несиесі жайлы маңызды сұрақтардың жауабын анықтады.

Банк студентке ипотека бере ме?

Кrisha.kz мәліметіне қарағанда, банктің ипотека бағдарламалары тек ресми табысы бар қарыз алушыларға арналған. Әдетте банк азаматтардан кейінгі алты айдағы еңбек өтілі мен зейнетақы аударымдарын растауды талап етеді. Студент ресми түрде жұмыс істемей, тек шәкіртақы алса, екінші деңгейлі банктер ипотека бермейді. Ал кейбір бағдарламалар бойынша, тек 21 жастан бастап тұрғын үй несиесін рәсімдеуге болады.

Студент үшін тиімді тұрғын үй бағдарламасы бар ма?

18 жастан асқан студенттер Отбасы банкінің «Наурыз» бағдарламасына қатыса алады. Бағдарлама шарты бойынша, банк шәкіртақыны жалпы кіріс деп ескереді. Студент ресми түрде жұмыс істесе, ипотека алу мүмкіндігі артады. Өйткені мұндай жағдайда банк қарыз алушының, яғни студенттің төлем қабілетін бағалау кезінде жалақыны да, шәкіртақыны да ресми табыс деп есептейді. Демек, мемлекеттік грантта оқитын студенттер ипотека рәсімдей алады. 

«Наурыз» бағдарламасы бойынша:

  • жалақы;
  • кәсіпкерлік қызметтен түсетін табыс;
  • қызмет көрсету төлемдері;
  • жәрдемақы;
  • тұрғын үй төлемдері;
  • шәкіртақы ресми табыс ретінде есептеледі.

«Наурыз» бағдарламасының шарты қандай?

Ипотеканың мөлшерлеме деңгейі:

  • әлеуметтік осал топтарға — 7%;
  • басқа азаматтар үшін — 9%.

Мөлшерлеме (ставка) — банк сізге қарыз бергені үшін алатын пайыз төлемі. Демек, сіз банкке қарызды ғана емес, оның үстіне белгілі бір пайыз қосып қайтарасыз.

Құрылысы аяқталған пәтер сатып алу үшін 10%, ал құрылысы аяқталмаған немесе екінші нарықтағы пәтер алу үшін 20% бастапқы жарна болуы керек. Студенттің бастапқы жарнасы болмаса, қаражат жинауға ата-анасы немесе басқа туыстары көмектесе алады. Отбасы банк «Наурыз» бағдарламасы аясында Алматы мен Астанадан үй алатын азаматтарға 36 млн теңгеге дейін, ал басқа өңірден үй алатындарға 30 млн теңгеге дейін қарыз береді. Ипотека мерзімі — 19 жыл.

Биыл «Наурыз» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау аяқталды. Дегенмен бағдарламаға алдағы бес жыл бойы өтінім жолдауға болады. Демек, алдын ала дайындалуға уақыт бар.

Бастапқы жарна ретінде кемінде 2 млн теңге жинау керек

«Наурыз» бағдарламасына қатысу үшін студент:

  • Қазақстан азаматы болуы немесе қандас мәртебесі болуы қажет;
  • кейінгі бес жылда жеке меншігінде тұрғын үй болмауы керек;
  • Отбасы банкінен депозит ашып, кемі 2 млн теңге жинауға тиіс.

Банк студентке ипотека беретін кезде ай сайын төлем жасай ала ма, жоқ па деп кірісін есептейді. Мұндай жағдайда қоса қарыз алушы тұлға (созаёмщик) арқылы екі адамның табысын есептеуге болады.

***

Тағы оқыңыз:

Пайызы аз ТОП-3 ипотека

Мақалаға реакция