Қанша жерден мықты болсаң да, сен ең әуелі адамсың. Өмір сүретін кәдімгі адамсың. Қанша дегенмен өмір — нәзік нәрсе, ертең не болатынын ешқашан болжай алмайсың…

Бұл — Денис Теннің арамыздан өтерінен шамамен 1,5 ай бұрын телеарна эфирінде айтқан сөзі.

Былтыр дәл осы күні — 2018 жылдың 19 шілдесінде Алматыдағы Құрманғазы және Байсейітова көшелерінің қиылысында Денис Тен автоұрылармен қақтығыс салдарынан қайтыс болды. Олар спортшының сан артериясына пышақ тыққан.

Денис Теннің сүйегі 21 шілде күні жер қойнына тапсырылды. Ол Достық елді мекеніндегі зиратқа жерленді. Денис Тенмен қоштасу еліміздің барлық аймағында өтті.

Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Қылмыскер деп танылған Арман Құдайбергенов, Нұралы Қиясов және Жанар Толыбаева сот алдында жауап берді. 2019 жылы 17 қаңтарда оларға үкім шығып, Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясов 18 жылға, ал Жанар Толыбаева төрт жыл бас бостандығынан айырылды.

Денис Теннің анасы Оксана Тен халыққа үндеу жолдады.

Қайғымызды бөлісіп, осындай қысылтаяң шақта отбасымызға қолдау көрсеткені үшін бүкіл Қазақстан халқына және халықаралық қауымдастыққа Денис Теннің туыстарының атынан алғыс айтқым келеді, — деді Оксана Тен.

2018 жылы 7 қарашада Денис Теннің үйіне ескерткіш тақта орнатылды. Талантты мәнерлеп сырғанаушы қазіргі Назарбаев көшесіндегі 46-үйде тұрған еді. Ескерткіш тақтаның ашылуына КСРО еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО халықаралық дәрежедегі спорт шебері Татьяна Тарасова мен жас мәнерлеп сырғанаушы Елена Радионова арнайы келді. Татьяна Тарасова Денис Тенге арналған ескерткіш тақта мен оның атындағы қордың ашылуында әйгілі мәнерлеп сырғанаушы туралы жүрекжарды ойын айтты.

Менің көп шәкіртім болды. Бірақ солардың ішінде Денис мен үшін нөмірі бірінші болып қалады. Денис жай адам емес, тамаша адам, тосын  сыйға толы адам еді. Оған бір айтқанды қайталаудың қажеті болмайтын. Үлкен мұзға, әлем чемпионатына алғаш шыққанынан бастап істеген бар қимылы бүкіл стадионды ду көтеріп, аяғынан тік тұрғызатын. Біз алғаш Лос-Анджелесте әлем чемпионатында болғанда стадион оның қайдан келгенін де білмеді. Ол бірден үздік ондыққа кірді, кейін үздік төрттікте болды. Стадион сол бір кішкентай жігіттің энергиясынан — әлемді баурап ала білетін сондай таланттан бір сілкініп, көпке дейін орындарына отыра алмады. Мен өз өмірімде спортшыларға көрсетілген көп құрметті көрсем де, дәл Дениске көрсетілгендей қошеметті ешқашан естімеген едім. Ол шынымен де тамаша сәт еді. Бұл менің есімде қалып қойды және оны ешқашан ұмытпаймын, — деді Татьяна Тарасова.

Татьяна Тарасова
Татьяна Тарасова. Фото: Мейірман Лес/Baribar.kz

Татьяна Тарасова Денис Тен туралы естелік жазатынын айтты.

Денис менен 50 жасқа кіші. Бірақ одан ата-ананы құрметтеп, қалай сыйлауды үйрендім. Ол маған жазуды үйретті. Денис 20 жасында өзіне өмір сыйлап, тәрбие берген, осындай жетістікке жетуге бар жағдайды жасағаны үшін ата-анасына махаббатқа толы хат жазды. Бұл шынымен ғажап дүние еді. Ол хатында ең тамаша, ең әсерлі сөздерді қолданды. Оқығанда кез келген адамды тебірентетін еді. Ол 25 жасында осындай хатты тағы жазды. Одан бөлек, Денис әңгіме, өлең, ертегі жазатын. Оның жазған әндері де керемет еді. Мәнерлеп сырғанаушылардың арасында мұншалықты көп жұмыс істеген, жан-жақты болған ешкім жоқ. Мен де бір күні отырып, ол туралы міндетті түрде естелік жазамын, — деді ол.

2019 жылдың 22 маусымында Алматыда мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиаданың қола жүлдегері Денис Тенге ескерткіш қойылды. Мемориал Байсейітова және Құрманғазы көшелерінің қиылысында орнатылды. Ескерткіштің биіктігі 3 метрге жуық. Онда Денистің Сочи Олимпиадасының финалында өнер көрсетіп тұрған сәті бейнеленген. Денистің мүсінін Санкт-Петербургтен келген мүсінші Матвей Макушкин жасаған. Ол — Алматыдағы Төлебаев көшесіндегі Виктор Цойдың да мүсінінің авторы.

Денис Тен ескерткіші
Фото: Аlaman.kz

20 шілде күні «Алматы Арена» спорт кешенінде Денис Тенді еске алуға арналған мұз шоуы өтеді. Шоуға әлемге әйгілі мәнерлеп сырғанаушылар, жаттықтырушылар және Денистің басқа да достары қатысады.