Кеше Алматыда Қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Тен тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды. Бұл күні Halyk Arena мұз сарайында «Денис Тен қоры» да ресми ашылып, оның таныстырылымы өтті. Шараға Ресейден әйгілі жаттықтырушы Татьяна Тарасова арнайы келді. Ол Денис туралы тебірене сөз сөйлеп, көзіне жас алды. 

Татьяна Тарасова, Оксана Тен
Фото: Тимур Батыршин

— Денис өзінің бір сұхбатында сізді алғаш көрген кезі туралы «Біз Елена ханымда жаттығып жүргенде Татьяна Анатольевна топтағы барлық спортшыға қарап шықты. Сол балалардың ішінен мені таңдап, жаттықтырғысы келді» дейді. Дениспен тұңғыш кездескен кезіңіз бен оны көргендегі алғашқы әсеріңіз туралы толығырақ айтып беріңізші.

— Денисті 2003-2010 жылдар аралығында жаттықтырдым. АҚШ-та 2002 жылы Қысқы Олимпиада ойындары болды. Олимпиададан кейінгі тағы бір жылым сол елде өтті. Ресейге елді сағынып, өзімнің үйімді аңсап жеткен кезім еді. Қолым бос, ешқандай маңызды шаруаларым жоқ болатын. Бір күні Денисті сол уақытта жаттықтырып жүрген Елена Водорезова мені өзіне шақырып, спортшыларды дайындауға көмектесуімді сұрады. Денис оның қол астына келмей тұрып, мәнерлеп сырғанаудың элементтерін әлі толық үйренбеген еді. Мен Еленаның тобындағы барлық спортшыны қарап, олардың мүмкіндіктерін де бағамдап шықтым. Сол кезде Денис бірден көзіме түсті. Еленаға оның маған қатты ұнағанын, онымен бірге жұмыс істегім келетінін айттым. Ол келісімін берді. Сол кезде өзімді шын бақытты сезіндім. Одан кейін де Денисті жаттықтырып жүргенім үшін өзімді ерекше жақсы көретінмін. Өйткені ол өте керемет бала болды.

— Денис қандай шәкірт еді?

— Менің көп шәкіртім болды. Бірақ солардың ішінде Денис мен үшін нөмірі бірінші болып қалады. Оған осындай қиын істе көмектесіп, бағыт беруге мүмкіндік бергені үшін Құдайға, сосын Еленаға алғыстан басқа айтарым жоқ. Ал оны тәрбилеп, өсіргені үшін ата-анасына басымды иемін. Денис жай адам емес, тамаша адам, тосын  сыйға толы адам еді.

Татьяна Тарасова, Денис Тен

Оған бір айтқанды қайталаудың қажеті болмайтын. Үлкен мұзға, әлем чемпионатына алғаш шыққанынан бастап істеген бар қимылы бүкіл стадионды ду көтеріп, аяғынан тік тұрғызатын. Біз алғаш Лос-Анджелесте әлем чемпионатында болғанда стадион оның қайдан келгенін де білмеді. Ол бірден үздік ондыққа кірді, кейін үздік төрттікте болды. Стадион сол бір кішкентай жігіттің энергиясынан — әлемді баурап ала білетін сондай таланттан бір сілкініп, көпке дейін орындарына отыра алмады. Мен өз өмірімде спортшыларға көрсетілген көп құрметті көрсем де, дәл Дениске көрсетілгендей қошеметті ешқашан естімеген едім. Ол шынымен де тамаша сәт еді. Бұл менің есімде қалып қойды және оны ешқашан ұмытпаймын.

Ол өз ісін ерекше жақсы көретін, сол кәсібі арқылы көп нәрсеге жетуге болатынын керемет түсінді. Ол үздіктердің үздігі болды. Бала кезінен бірегей жігіт еді.

— Ал оның өмірден өткенін естігенде қандай күйде болдыңыз?

— Денис қайтыс болғанда бәріміз дауыс етіп жыладық. Тіпті, бұлай болуы мүмкін емес деп, біразға дейін сене алмадық. Мен бұл жерге тек өз қайғымды арқалап келген жоқпын. Денисті танитын, оның өнерін бағалайтын мыңдаған жанның да қайғысы мен өкінішін ала келдім. Олардың әрқайсы Денис туралы тебіреніп сөз сөйлей алады. Барлығы Денис сияқты мықты спортшыны жоғалтқанына әлі сенгісі келмейді.

Татьяна Тарасова
Фото: Informburo.kz

— Көп спортшы жаттығу кезінде, мұзда қиын элементтерді орындай алмаған сәтте өздерін ұстай алмай, сезімге ерік беріп, жүйкесі жұқарып жатады. Ал Денис мұндай кезде өзін қалай ұстайтын еді?

— Денис — өте тәрбиелі адам. Оның жаман мінезін ешқашан көрген емеспін. Ол әрдайым үйренуге бейім болды. Жаңа бағдарламаны, жаңа музыканы тез меңгеретін. Кішкентай болғанына қарамастан онымен үлкен адамша сөйлесесің. Сондықтан ол өзін қалай ұстау керектігін білетін еді.

Денис Тен
Фото: Мейірман Лес/Baribar.kz

— Осы маусымда ресейлік мәнерлеп сырғанаушы Сергей Воронов Денис Теннің бағдарламасы бойынша өнер көрсетеді. Ол туралы не ойлайсыз және Денис жас спортшыларға үлгі бола ала ма?

— Иә, Денис — жас спортшыларға спортта ғана емес, адам ретінде де үлгі. Сергейдің Дениске қойылған бағдарлама бойынша өнер көрсететін білемін. Ол бұл бағдарламаға қатты қызықты. Тіпті, Сергей осы бағдарламаны орындағаннан басқа ештеңені қаламайтынын айтты.

Татьяна Тарасова
Татьяна Тарасова. Фото: Владимира Заикина

— Денис көп сұхбатында өзіңізге үлкен құрмет білдіріп, сізге қатты ұқсайтынын және көп нәрсе үйренгенін айтқан еді. Ал бапкер, ұстаз ретінде сіздің де Денистен үйренген нәрсеңіз бар шығар?

— Әрине, кез келген бапкер мен спортшы бір-бірімен энергия алмасып, бір-біріне әрдайым қолдау көрсетеді. Егер осылай жиі қайталанып тұрса, бұдан тек сәттілік болады.

Ол менен 50 жасқа кіші. Бірақ одан ата-ананы құрметтеп, қалай сыйлауды үйрендім. Ол маған жазуды үйретті.

Денис 20 жасында өзіне өмір сыйлап, тәрбие берген, осындай жетістікке жетуге бар жағдайды жасағаны үшін ата-анасына махаббатқа толы хат жазды. Бұл шынымен ғажап дүние еді. Ол хатында ең тамаша, ең әсерлі сөздерді қолданды. Оқығанда кез келген адамды тебірентетін еді. Ол 25 жасында осындай хатты тағы жазды. Одан бөлек, Денис әңгіме, өлең, ертегі жазатын. Оның жазған әндері де керемет еді. Мәнерлеп сырғанаушылардың арасында мұншалықты көп жұмыс істеген, жан-жақты болған ешкім жоқ. Мен де бір күні отырып, ол туралы міндетті түрде естелік жазамын.

Татьяна Тарасова
Фото: Тимур Батыршин

— Денистің өмірден өтуі Қазақстан спорты үшін үлкен трагедия, үлкен өкініш болды. Енді еліміздің бір үміті — Элизабет Тұрсынбаева. Ол жөнінде не айтасыз?

— Денисті жоғалту — Қазақстан спорты үшін ғана емес, әлемдік спорт үшін де үлкен қайғы. Ол өмірден өткенде тек Қазақстан емес, бүкіл әлем қайғырды десем, сенер ме едіңіз. Элизабет — жақсы спортшы. Өзін мұзда жақсы көрсетеді. Бірақ мен біреуді біреумен салыстырғым келмейді. Бар білетінім, Денис — Қазақстанда ғана емес, әлем бойынша ерекше, дарынды мәнерлеп сырғанаушы. Ол — өз халқының ұлы баласы. Өйткені тек осы елде өмір сүріп, өз елінің атын шығаруды армандады. Сыртта жүргенде Қазақстанды аузынан тастамайтын. Оның өнерін тамашалап, өмір жолын көрген миллиондаған адам картадан, интернеттен Қазақстанның қай жерде екенін, оның қандай ел екенін іздей бастады. Бұл елдің қай жерде екенін көпшілік біле бермейді. Бір сөзбен айтқанда, әлем сіздерді Денис арқылы таныды деп айтуға болады. Сондықтан оның орны ерекше, оны ешкім де алмастыра алмайды.