Синоптиктер 11-13 маусымдағы ауа райына болжам жасады

«Қазгидромет» мамандарының хабарлауынша, Қазақстан аумағына батыс облыстарын қоспағанда, Баренцев теңізі мен Солтүстік Орал аудандарынан ылғал және салқын тропосфералық ауа келеді.

Мұндай ауаның кезекті бөлігі алдағы үш тәулікке республика аумағында сақталады, сондықтан ауа райы өзгермейді. Еліміздің біршама бөлігінде ауа райы құбылмалы болып, жауын жауады. Республиканың оңтүстік-шығысында таулы және тау бөктерінде нөсер жауын-шашын болады, — дейді синоптиктер.

Ауа температурасы орташа қалыпты жағдайдан 3-5 градусқа төмен болады. Тек батыста және оңтүстік-батыста жоғары атмосфералық қысымның әсерінен жауын-шашынсыз әрі ыстық болады, күндіз ауа райы 30-38 градусқа дейін ыстық болады.