ҚР Ұлттық банкі азаматтардың екінші дәрежелі банк есепшоттарындағы қаржыны жаппай қайтып алып жатқаны туралы қауесетке байланысты полицияға шағым түсірді.
Әлеуметтік желілерде, сонымен бірге WhatsApp және басқа мессенджерлер арқылы хабар жіберу жолымен депозиттердің әкетілуі, банктердің ақша беруден бас тартуы, банк бөлімшелерінде валютаның жетіспеуі туралы дәйексіз және арандатушылық ақпарат таратылып жатыр. Осыған байланысты Қазақстан Ұлттық банкі барлық банкте қажет валюта қоры бар екенін, Ұлттық банктің аумақтық филиалдары жоспарланған режимде банктерді қолма-қол ұлттық және шетел валютасымен қамтамасыз етіп жатқанын хабарлайды, — делінген ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Қаржы регуляторының мәліметінше, қазіргі уақытта депозит базасы тұрақты, банк клиенттеріне толық көлемде қызмет көрсетіліп жатыр.
Қазақстан Ұлттық банкі барлық факті бойынша біле тұра жалған ақпарат жасағандарды және оны таратушыларды анықтау мақсатында құқық қорғау органдарына жүгініп отыр, — деп хабарлады ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін интернетте Еуразия экономикалық одағы елдерінде бірыңғай валюта енгізілуі мүмкін екені туралы да ақпарат тараған еді. Оны Ұлттық банк төрағасының екі орынбасары — Олег Смоляков пен Мәдина Әбілқасымова жоққа шығарды.