Астанадағы жоғары оқу орындарының бірінде жұмыс істеген азамат талапкерлерді оқуға түсіремін деп алдап, қылмыстық схема ұйымдастырған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Тергеу мәліметінше, ол жалған мөрлер мен қолдан жасалған құжаттарды пайдаланып, 18 талапкердің сеніміне кірген. Күдікті жастарды университетке белгіленген қабылдау тәртібінен тыс оқуға түсіруге көмектесемін деп сендіріп, әрқайсысынан 600 мыңнан 900 мың теңгеге дейін ақша алған.
Сот процесі барысында мемлекеттік айыптаушы сотталушының қызметтік жағдайын пайдаланып бірнеше рет алаяқтық жасағанын, сондай-ақ жалған ресми құжаттар мен мөрлер дайындағанын дәлелдеді.
Сот үкімімен айыпталушы 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енді.
Қылмыстық әрекет салдарынан келтірілген материалдық шығын сотталған азаматтан өндірілді.
Прокуратура талапкерлер мен олардың ата-аналарын сақ болуға шақырып, жоғары оқу орындарына түсу мәселелері бойынша тек ресми ақпарат көздеріне сенуге кеңес берді.
