Көпшілік дәріні пайдаланғаннан кейін немесе сақтау мерзімі өткен соң қоқысқа тастайды. Ал дәрінің құрамындағы белсенді заттар мерзімі өткен соң зиян күйге енеді. Содан соң химиялық қалдық ауада ыдырап, өзен, көл суына араласып, топыраққа тараса, адам ағзасына, қоршаған орта мен жануарларға кері әсер етеді.
Baribar.kz тілшісі сақтау мерзімі өткен дәрі-дәрмек, шәрбәт, таблетка мен антибиотиктердің қалай сұрыпталады деген сұраққа жауап іздеді.
Алматыда 1 тонна мерзімі өткен дәрі қайта өңделіп, кәдеге жарады
STADA Kazakhstan деген фармацевтика компаниясының қолдауымен ECO Network экология ұйымы дәрі қалдығы мен мерзімі өткен препараттарды сұрыптау жобасын пилот режимде жүзеге асырып жатыр. Жоба аясында Алматыда бір тонна мерзімі өткен дәрі қауіпсіз түрде қайта өңделіп, кәдеге жарады. Бұған дейін қалада дәрі қалдығын жинау бастамалары жүйелі болмаған еді. Алматыда 38 дәрі қалдығын жинау пункті бар. Оның ішінде 36 пункт емханаларда орналасқан.
Алматыда сақтау мерзімі өткен дәрілер мен дәрі қалдығын осы мекен-жайдағы пунктерге апарып, өткізуге болады.


Бір емхана 70 киллограмнан астам дәрі қалдығын жинады
Дәрі қалдығын өңдеу жүйесінің өміршең болуына инфрақұрылым ғана емес, медицина ұйымдарының қолдауы да ықпал етті. Мәселен, Satbayev University еріктілері тәуелсіз аудит жүргізіп, 34 емханадағы дәріні сұрыптау процессін бақылады. Медицина мекемелерінің 70%-дан астамы жобаның дамуына белсенді түрде үлес қосты. Мерзімі өткен жарамсыз дәрі-дәрмекті жинау деңгейі бойынша №1, №23 және №4 қалалық емханалар көш бастап тұр. Оның әрқайсы 70 киллограмнан астам дәрі қалдығын жинаған. ECO Network экология ұйымының негізін қалаушы Евгений Мұхамеджановтың сөзінше, бір жылда дәріні жинап, сұрыптау ісі сынақтан өтті.
Жоба алғашқы бір жылда сынақтан өтті. Біз инфрақұрылым тұрақты болатынына, дәрі қалдығы жақсы жиналатынына және медицина мекемелерінің шынайы қызығатынына көз жеткіздік. Бұл жүйе бұдан да ауқымды бастамаға ықпал етеді, — дейді ECO Network экология ұйымының негізін қалаушы Евгений Мұхамеджанов.

Мерзімі өткен дәрі арнайы құрылғыда жоғары температурада жойылады
Мамандар мерзімі өткен немесе пайдаланылмаған дәрілер химиялық қалдықпен жұмыс істеу үшін лицензиясы мен рұқсаты бар компанияға өткізеді. Сақтау мерзімі өткен дәріні инсинератор жабдық арқылы, яғни арнайы құрылғыға салып, жоғары температурада жояды. Ал пайдаланылмаған дәрі қайта өңделеді. Бұл құрылғы дәріні экологияға қауіпсіз түрде сұрыптап, ауаға тарайтын химиялық қалдықты азайтуға бағытталған.

