Ұлттық банк теңгенің еркін өзгермелі айырбас бағамын ұстана бермек

2019 жылғы ақпанда инфляция 0,3% болды, жылдық инфляция 4,8%-ға дейін баяулады. 4 наурызда Қазақстанның Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 9,25% деңгейде сақтады. Базалық мөлшерлеменің қазіргі деңгейі инфляция бойынша 2019 жылға арналған нысаналы бағдарларға жетуге ықпал етеді. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Үкімет отырысында әлеуметтік-экономикалық дамудың және республикалық бюджеттің орындалуының 2019 жылғы қаңтар-ақпандағы қорытындылары туралы жасаған баяндамасында айтты.

Ұлттық банктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ерболат Досаев 11 наурыздағы жағдай бойынша теңге бағамы 1 доллар үшін 379,48 теңге болғанын айтты.

Қазақстан Ұлттық банкі еркін өзгермелі айырбастау бағамы режимін ұстануды жалғастырады. Ұлттық банктің валюта нарығындағы нетто-интервенцияларының көлемі 2019 жылғы ақпанда нөлге тең болды, — деді Ерболат Досаев.

Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері 1 наурызда алдын ала мәлімет бойынша 29,2 миллиард доллар, Ұлттық қордың активтері 59,0 миллиард болды. Жалпы халықаралық резервтер 88,2 миллиард доллар болды.

Ұлттық банк төрағасы 2019 жылғы қаңтарда депозиттер көлемінің 19,2 триллион теңгеге дейін, яғни 3,7%-ға өскенін де айтты. Ұлттық валютамен ашылған депозиттер 11,9%-ға өсті.

Көп жағдайда мұндай өсу «Цеснабанк» АҚ-ты қолдау бойынша іс-шараларды іске асыруға байланысты болды. Шетел валютасымен ашылған депозиттер 5,0%-ға төмендеді. Нәтижесінде депозиттерді долларландыру 44,4%-ға дейін төмендеді, — деді Ұлттық банк басшысы.

Ерболат Досаевтың айтуынша, кредит беру нарығы қалпына келіп жатыр.

2019 жылғы қаңтарда 898 миллиард теңге сомаға жаңа кредиттер берілді, бұл былтырғы осындай кезеңнен 8,2%-ға көп. Кредиттік портфель 2019 жылғы қаңтардың соңында 12,5 триллион теңге болды, — деді Ұлттық банк төрағасы.

Ерболат Досаев «7-20-25» бағдарламасының 8 банк арқылы жүзеге асырылып жатқаны туралы айтты. 1 наурызда 114,1 миллиард теңгеге 9 983 өтінім қабылданды, 68 миллиард теңгеге 5 816 өтінім мақұлданды, банктер 4 566 өтінім бойынша 54,5 мллиард теңге берген. «Баспана» ипотекалық ұйымы 13 әкімдікпен бағдарлама бойынша бастапқы жарнаны субсидиялау туралы меморандумдар жасасты.

Ұлттық банк пен «Баспана» ипотекалық ұйымы белсенді түсіндіру жұмысын жүргізіп жатыр. Бағдарламаны іске асыру барысы бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жария етіледі. Сall-орталық тәулік бойы жұмыс істейді, — деді Ерболат Досаев.

Ұлттық банк басшысының баяндамасына қарағанда 2019 жылғы қаңтарда банктердің активтері 0,1%-ға азайып, 25,2 триллион теңге болған.

90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттер несие портфелінің 8,1%-ын құрады. Сақтандыру ұйымдарының активтері осы жылғы қаңтарда 1 080 миллиард теңгеге дейін, 3,0%-ға өсті. Бұл ретте сақтандыру резервтері 5,6%-ға ұлғайып, 548 миллиард теңге болды, — деді Ерболат Досаев.