Не болды?
Әскери борышын өтеу кезінде ауыр жарақат алып, қайтыс болған Ербаян Мұхтардың отбасы марқұмның денесін алып кетуге рұқсат беруді талап етті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Әкесінің айтуынша, қазір баласының денесі Астанадағы мәйітханада. Туыстары Ербаянның денесін алып кету үшін прокуратурадан рұқсат құжатын күтіп отыр.
Бізге прокуратурадан рұқсат қағазын әкелсеңдер, Ербаянның денесін алып кете аласыңдар деді. Қазір сол құжатты күтіп отырмыз. Барлығы дұрыс болса, баламызды жерлеуге алып кетеміз, – дейді Хамит Мұхтар.
Отбасы марқұмның денесіне қосымша сараптама жүргізуге қарсы. Әкесі ұлының 2,5 жылдан астам уақыт ауыр халде жатқанын айтып, енді марқұмды ақтық сапарға шығарып салуды ғана қалайтынын жеткізді.
Ербаян 2,5 жылдан бері азап шекті. Біз оның денесін пышақ тигізбей алып, жерлеуді ғана сұрап отырмыз. Экспертизаға қарсымыз, – дейді әкесі.
Сонымен қатар Хамит Мұхтар отбасының қылмыстық іске қатысты барлық талаптан бас тарту туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.
Контекст
Естеріңізге салайық, ұлттық ұлан сарбазы Ербаян Мұхтар 23 маусым күні кешкі сағат 21:40-та қайтыс болды. Денсаулық сақтау министрлігі сарбаздың өліміне қатысты түсініктеме берді.
