Қасым-Жомарт Тоқаев: Арандатушылықтарды лезде тыю керек

Ақордада облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент әкімдерінің қатысуымен болған кеңесте Қасым-Жомарт Тоқаев алты басым міндетті атады.

Президенттің баспасөз қызметінің мәліметінше, олар: экономикалық даму, халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасын арттыру, халықпен өзара қарым-қатынас жасаудың жаңа форматын қалыптастыру, жастарды елдегі қайта құру процестеріне ортақтастыру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және күнделікті шұғыл мәселелерді шешу.

Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытына тоқталғанда құқық қорғау жүйесі реформасының белсенді фазаға көшкенін айтты. Бұл реформаның шешуші міндеті — азаматтар құқығын қорғауды мүлтіксіз қамтамасыз ету. Президенттің айтуынша, қазіргі ахуал әкімдіктер мен құқық қорғау органдары жұмысын өзара байланыстыру мен үйлестіруді күшейту қажет екенін көрсетіп отыр.

Әкімдерге полиция департаменттері басшыларын тағайындау жөнінде жаңа өкілеттік беріліп отырған кезде бұл айрықша маңызды. Соңғы уақытта жергілікті жерлерде заңбұзушылықтарға әкімдіктер мен құқық қорғау органдарының жүйеге келтірілген іс-әрекет байқатпауы қоғамдық резонанс туғызатын болды. Соған байланысты оқиғаларға ұлтаралық реңк беруге тырысудың жекелеген әрекеттері ерекше алаңдаушылық туғызады. Мұндай арандатушылықтарды құқық қорғау органдары тарапынан да, идеологиялық шаралармен де лезде тыю керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бұл ретте жуырда Түркістанға жасаған сапары кезінде сыбайлас жемқорлықпен жүйелі түрде күресуді айтқанын еске сала кетті.