2018 жылғы тамызда қарыз алушы «7-20-25» ипотекалық бағдарламасымен алған жылжымайтын мүлкін сатып алу-сату шартын куәландыру үшін Алматының жекеменшік нотариустарының біріне жүгінген. Нотариус жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару туралы шартты куәландырғаны үшін 10 АЕК-тен және техникалық және құқықтық сипаттағы қосымша қызмет көрсеткені үшін 7 АЕК-тен тұратын 42 925 теңге (17 АЕК) мөлшеріндегі соманы алған.

Кейін клиент Қазақстан Республикасының заңнамасын басшылыққа ала отырып, нотариустан заңсыз ұсталған соманы қайтаруды талап етеді. Қазақстан Республикасының Салық кодексіне және «Нотариат туралы» заңы бойынша ипотека тұрғын үйі қарызының қаражаты есебінен сатып алынатын жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату шартын куәландыру бойынша нотариат қызметінің құны мемлекеттік баж құнынан (2 АЕК) және техникалық және құқықтық сипаттағы нотариат іс-әрекеттері құнынан (2АЕК) құралады және 4 АЕК болады.

Бірақ нотариус талап етілетін соманы қайтарудан бас тартады. «Баспана» ипотека ұйымы қарыз алушының дәлелдерін қолдай отырып, сотқа «7-20-25» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйді сатып алу тәртібі мен талаптары туралы түсініктеме берді. Нәтижесінде клиент азаматтық істе жеңіп шығып, артық төлеген 32 825 теңге мөлшеріндегі соманы қайтарып алды.

«Баспана» ипотека ұйымының баспасөз қызметінің хабарлауынша, мекеме ипотека нарығын дамытудың инфрақұрылым операторы ретінде ипотека бағдарламаларының жандануына ықпал етеді және жүйелі түрде азаматтардың тұрғын үй сатып алу шығындарын азайтуға, сонымен бірге қарызды рәсімдеуді жеңілдетуге үлес қосып келеді. Қазіргі кезде «Баспананың» әріптес банктері 134,6 миллиард теңге мөлшерінде ипотека кредитін беруді мақұлдады, оның ішінде «7-20-25» бағдарламасы бойынша 91,4 миллиард теңге, «Баспана Хит» бағдарламасы бойынша 43,2 миллиард теңге.

Тұрғын үйді ипотека есебінен сатып алған жағдайда қарыз алушылардың баспананы сатып алу-сату шартын куәландыру шығыны 2019 жылы 4 АЕК немесе 10 100 теңге болуы тиіс, — дейді ипотека ұйымының басшылары.

Маусымның басындағы жағдай бойынша нотариустар «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үйді сатып алу-сатудың 6 700 шартын куәландырған.