Тұрғын үй жинағы жүйесі мен “7-20-25” бағдарламасы бір-біріне кедергі ме?

Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі келешекте "7-20-25" бағдарламасына қатысу мүмкіндігін қарастырады.

Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова банк “7-20-25” бағдарламасына неге қатыспайтынын түсіндірді.

Біз классикалық ипотекалық банк емеспіз. Біз тұрғын үй құрылыс жинақтаушымыз. Жүйеміз мынадай, алғашқы жарнама 20% болып, адам 50% жинаса да, тіпті несиесі болса да, тұрғын үй заемының төмендетілген ставкасына көшуі тиіс. Ал “7-20-25” бағдарламасында ставка 25 жыл бойы 7% болып белгіленген. Ал бізде жылдық не 5%-ға, не 3,5%-ға ауысу үнемі болып тұрады, – деді банк басшысы.

Дегенмен ол “7-20-25” бағдарламасына қатысудың оңтайлы жолдары осы жылдың 1 жартыжылдығында табылып қалуы мүмкін екенін де айтты. Оның сөзіне қарағанда, аталған бағдарлама іске қосылғаннан кейін де банк салымшыларының ешқайсысы қаражатын алып кетпеген.

Өйткені коммерциялық банктердің төлем қабілетін бағалауы кірісі 300 мың теңгеден асатын адамдарға ғана өтуге мүмкіндік береді. Ал біз кірісі, тіпті, 250 мың теңгеден де төмен халықпен жұмыс істейміз. Сондықтан салымшыларымызға төлем қабілетін бағалаудан өтуге кеңес береміз. Әдетте олар бас тартуға тап болып, бізге оралып жатады, – деді Ләззат Ибрагимова.

Оның айтуынша, 2018 жылы “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде” 380 жаңа депозит ашылған.

Коммерциялық банктер бас тартқандар бізде кірісі 200 мың, 150 мың теңгеден де төмен адамдардың заем мен несие алғанын көріп, “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне” келіп жатыр, – деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде” “7-20-25” бағдарламасына ұқсас шарттар да бар. Аталған шартқа сәйкес, бастапқы 20% жарна жинаған азаматтарға несие жылына 7%-дық ставкамен беріледі.

ДереккөзInform.kz