ҚР Қылмыстық кодексі көлікті айдап әкету мен ұрлауды екі түрлі түсіндіреді. Айдап әкету — автокөлікті ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену, ал ұрлық — адамдар тобының алдын ала сөз байласу арқылы істеген әрекеті. Айдап әкету қылмысына 1 000 АЕК-ке дейін айыппұл салу, бас бостандығынан екі жылға айыру немесе бостандығын екі жылға дейін шектеу жазасы қарастырылады. Ал ұрлық жасаған адам 5 000 АЕК дейін айыппұл төлейді, екі жылға дейін бас бостандығынан айырылады немесе бостандығы екі жылға шектеледі. Кей жағдайда сот қылмыскерді еңбекпен түзеуге де жіберуі мүмкін.

Қазақстанда қанша көлік бар?

ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің мәліметінше, Қазақстанда 3,7 миллион жеңіл автокөлік бар. Бұл әр бесінші қазақстандықтың автокөлігі бар деген сөз.

Ең көп автокөлік Алматы облысында тіркелген, мұндағы көлік саны — 490 812. Екінші орында Алматы тұр. Алматыда 470 360 көлік бар. Үшінші орында — Шығыс Қазақстан облысы, көлік саны — 298 039. Ал Қарағанды облысында 283 876 автокөлік бар. Нұр-Сұлтан бесінші орында, мұндағы көлік саны — 265 022. Автокөлік ең аз өңірдің бірі — Қызылорда облысы. Мұнда 113 524 көлік бар.

Қандай көліктер жиі ұрланады?

Сақтандыру компаниясының мәліметінше, Қазақстанда орташа есеппен ай сайын 62 көлік ұрланады. Ұрлық саны бойынша Алматы алғашқы орында тұр. Мұнда ай сайын орташа есеппен 21 автокөлік ұрланады. Екінші орында — Қарағанды (8 ұрлық), үшінші орында — Шымкент пен Түркістан (5 ұрлық), төртінші орында — Қостанай облысы (4,5 ұрлық), бесінші орында — Алматы облысы (4,3 ұрлық). Рейтингтегі ең қауіпсіз аймақтар — Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстары. Бұл облыстарда айына бір көлік қана ұрланады екен.

ТМД-да, соның ішінде Қазақстанда ең жиі айдап әкетілетін көліктер — Toyota, «ВАЗ» және Mazda. Бұл мәліметті ҚР ІІМ және бейтарап сервистер мен зерттеулер де растайды. Honda, BMW, Lexus және Hyundai маркалы автокөліктері де жиі ұрланады.

Автоұры құрбаны болудан қалай сақтану керек?

Көлікті ұрылардан қорғаудың белгілі әдісі жоқ. Сақтандырушылар көліктің есік-терезесі мен жүксалғышының жабық екеніне көз жеткізуге және салонда құнды затты қалдырмауға кеңес береді. Бұл, әсіресе, көлікті ұзақ мерзімге қараусыз қалдырғанда маңызды.

Машинаны қорғаудың ең қарапайым құралдарын — дабылқаққыш пен айдап әкетуге қарсы арнайы қондырғыны естен шығармаңыз. Көлігіңізді күзеті бар тұраққа немесе гаражға қойыңыз. Бұл әккі ұрыдан қорғамауы мүмкін, бірақ кездейсоқ бұзақылар мен қылмыскерлерден сақтайды.

Сонымен бірге каско ерікті автосақтандыру полисін рәсімдеңіз. Полис көлікке ұсақ-түйек сызаттан ірі зақым келгенге дейінгі, машина табиғи және басқа да апатқа ұшырағанда, ұрланғанда, тоналғанда, тағы басқа қылмыстарға тап болғанда нұқсанды өтейді.