Алматыдағы репродукция медицинасы орталығының гинеколог-репродуктологы Ләззат Айтқожинаның қабылдауына күніне 25-ке жуық адам келеді. Олардың төртеуі алғаш келген пациенттер болса, қалғандары — емдеу курсынан өтіп жүргендер, ЭКҰ жасауға дайындалатындар. Дәрігер жылына 500-ге жуық емделуші қабылдайды. Алматыдағы репродукция медицинасы мекемесі Орталық Азиядағы ең үлкен орталық болған соң мұнда Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан мен ТМД-ның басқа да елдерінен азаматтар келеді.
Жасанды түсіктен кейінгі ең қорқынышты диагноз — бедеулік. Қазіргі уақытта елімізде әрбір бесінші отбасы осындай жағдайды басынан өткереді. Сондықтан репродуктив денсаулық тәуекелі факторларының алдын алу және оларды басқарудың жүйелі тәсілін қолдану өте маңызды.
Бедеуліктің себебі әртүрлі болуы мүмкін. Бұл негізінен эндокрин факторлардан, семіздік, труба факторы, ерлер факторы, жыныс жолымен берілетін түрлі аурудан, экология әсерінен болуы мүмкін. Дұрыс тамақтанбау мен салауатты өмір салтын ұстанбау да себеп бола алады. Біз жылына экстракорпорал ұрықтандыру бойынша 4 мың бағдарлама дайындаймыз, — дейді дәрігер.
Ләззат Айтқожинаның айтуынша, ұрықтандыру зергерлік өнер сияқты. Сондықтан эмбриондарға барлық ем микроаспаптарды қолданып, зор ұлғайтумен жасалады.
ЭКО жасату бала сүюге 100% кепілдік бермейді. Нәтиже 50 де 50 болуы мүмкін. Бастапқыда нәтижесіз жағдайлар көп кездеседі. Бірақ көп ата-ана берілмейді, біздің барлық ұсынысымызды басшылыққа алып, қажет ем алып, оралады. Мысалы, менде 2007 жылдан бастап жүкті болуға тырысып жүрген пациент бар. Ол 11 жыл бойы ана бақытына ие болу үмітімен бізге келіп жүр. Біз пациентпен бірге мақсатқа қол жеткізу үшін барлық мүмкіндікті жасап келеміз. Үмітіміз әлі де бар, — дейді маман.
Бірнеше жыл бұрын бағдарлама бойынша 10 әйелдің тек 20-30%-ы жүкті болса, бүгін бұл көрсеткіш 75%-ға дейін өскен. Бұл жаңа әдістер мен заманауи технологияларға да тікелей байланысты. Мамандар жұптар дәрігерге уақытында жүгінсе екен дейді. Себебі бұл мәселеде де уақыт маңызды роль атқарады.
Бедеуліктің салдарларымен күресуден гөрі одан сақтану және тұрғындарды ақпараттандыру барынша тиімдірек. Әрбір емделушінің денсаулық анамнезі бар. Әуелден денсаулығына дұрыс қараған адам көптеген қиындықтың алдын алады. Әрине, ЭКҰ әдісіне жүгінген жандарға біз көмектесеміз. Алайда процедура үлкен қаражатты талап етеді. Үнемі анализ тапсырып, тексеруден өту қажет. Көп нәрсе пациенттердің ыждағаттылығына да байланысты. Сенім мен үміт бар жерде, шын мәнінде, ғажайыптар болады. Біз жаңа технологияларды қолданамыз. Сапалы генетика талдауын жасайтын арнайы аппарат бар. Егер бұрын біз тек 9 хромосомаға талдау жасай алатын болсақ, қазір эмбрионды жатырдың қуысына ауыстырғанға дейін ұрықтың денсаулығын анықтауға, яғни барлық 23 хромосоманың генетикасын тексеруге мүмкіндік бар. ДНҚ фрагментациясын тексеретін аппарат та қолданыста, — дейді дәрігер.
Сарапшылар Алматының жоғарғы оқу орындары студенттерінің арасында зерттеу жүргізген еді. Респондент қыздардың 57%-ы 20-25 жас аралығында тұрмысқа шығуды жоспарлайды екен. Ал респондент ұлдардың 30%-ы 20-25 жас аралығында, 34%-ы 25 жастан кейін отбасын құруды дұрыс деп есептейді. Сауалнамада респонденттер репродуктив денсаулыққа кері ықпал ететін факторлар деп, зиянды әдеттерді (қыздардың 31%-ы және ұлдардың 30%-ы), жыныс жолдарымен берілетін ауруларды (қыздардың 20%-ы және ұлдардың 18%-ы), тәуекелді жыныстық мінез-құлықты және контрацепциялардың болмауын (қыздардың 9%-ы және ұлдардың 21%-ы ұлдар) көрсетті. Қыздардың 44%-ы және ұлдардың 27%-ы барлық факторды кері ықпал етеді деп ойлайды.
Жыныстық қатынасқа түсіп жүрген респонденттердің басым көпшілігі (қыздардың 97%-ы және ұлдардың 99%-ы) контрацептивтерді пайдаланады екен. Оның ішінде респонденттер котрацептивтердің әртүрлі әдісін қолданады. Мәселен, респондент ұлдардың 91%-ы презервативтерді, респондент қыздардың 43%-ы бойға бала бітірмейтін таблеткаларды пайдаланатын болып шықты.