Біле жүріңіз: 1978 жылдың жазында әлемдегі ең алғашқы «құ­ты­дағы сәби» Луиза Браун дүниеге келіп, оған дейін тоғыз жыл бойы бала сүйе алмаған британдық Джон мен Лесли Браундардың отбасына үлкен қуа­ныш сыйлады. Браундар бір баламен шектелген жоқ. Төрт жылдан кейін тағы да ЭКҰ әдісіне жүгі­ніп, екінші сәбиі – Наталиді өмірге әкеледі. Про­­фес­­сор Р.Эдвардс болса, адамзатқа пайдалы істің негізін қа­лағаны үшін Нобель сыйлығымен мара­патталды. Ал Қазақстанда денеден тыс ұрықтандыру әді­сі алғаш рет 1995 жылы енгізілгенін, оны елі­мізге алып келген белгілі ғалым, репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарова екенін жұрт­шылық жақсы біледі. Дәл осы жылы Салтанат Бер­денқызының бас­тамасымен Алматыдағы «Экомед» адам ұрпағын өрбіту орталығында тұңғыш рет ЭКҰ жасалып, бір жылдан кейін еліміздегі алғашқы «құтыдағы сәби» дүниеге келеді. 1996 жылдың шілдесінде туған қыз бала бүгінде – 21 жаста.

Тек әйел адамдардың бедеулігі ғана емес, ер адамдардың да белсіз болуы жиі кездеседі

Эко денеден тыс ұрықтандыру әдісі. Іс жүзінде көмекші репродуктивті технологиялар әдісі деп те аталады. Бұл әдіске тек қана медицина саласы ғана емес, сонымен қатар физика, химия, биология сынды ғылымдар қатысады. Сондықтан да аталмыш әдіс жоғары технологиялар немесе көмекші технологиялар әдісімен жүзеге асырылады. Біздің орталықта дәрігерлер, эмбриологтар, лаборанттар жұмыс істейді. Әрқайсысының өзінің атқаратын жұмысы бар. Эко деп отырғанымыз бедеулікке шалдыққан әйел адаммен жұмыс істеу. Бізге келетін пациенттер көбіне бедеулік пен белсіздікке ұшыраған әйел адам мен ер адамдар. 8-9 жыл бұрын әйел адамдардың 80-90 пайызы бедеуліктен зардап шегетін. Бұл жағдайға жатыр түтікшелерінен сперматазоидтың мүлдем өтпеуі, сонымен қатар жатырға инфекцияның түсуі немесе организмнің гормональды жағынан өзгерістері себеп болады. Ал мұның барлығын эко әдісімен емдейміз. Кейбір адамдар да бұл процесс бірден жүрсе, кейбір адамдарда уақыт ете келе жүзеге асырылады. Соңғы 5-6 жылда тек әйел адамдардың бедеулігі ғана емес, ер адамдардың да белсіз болуы жиі кездеседі. Яғни кінәнің 50 пайызы әйел адамнан болса, 50 пайызы ер адамның себебінен болып отыр. Ер адамның әртүрлі белсіздікке апаратын ауруларына: азооспермия, олигоспермия сынды белсіздікке ұшырататын ауыр дерттер жатады. Қазіргі кезде емделуге келетін ерлі-зайыптылардың ішінен тек әйелі ғана емеделуге келмейді, жолдасының да бірге келіп қаралып, тексерістен өтуін сұраймыз. Себебі барлық кінә тек әйел адамның тарапынан деп жатамыз. Бұл үлкен қателік.

Эко
©Айгүл Хожантаева

Балалы болу бақытынан айыратын сырқатқа көп жағдайға адам өзі кінәлі. Мәселен, ерте жастан жыныстық қатынасқа түсу, жасанды түсік жасату – басты себеп. Әйел бедеулігі іштен туа біткен және жүре пайда болған бедеулік болып бөлінеді. Іштен туа біткен бедеулікке жатыр түтігінің бітелуі, жыныс мүшелерінің, жатырдың жетілмей қалуы себеп. Жүре пайда болған бедеулік әртүрлі ауруларға, салауатты өмір салтын ұстамауға байланысты туындайды. Бұл жағдайда бірінші орында түсік жасату тұр. Сонымен қатар етеккірдің бұзылуы, гормондардың бұзылуы, тағы да экологиядағы көптеген факторлар бедеулікке әкеледі.

Жатырдың жұмысы нашар болса, ұрық сақталмайды

Бұрын біз тек эко әдісімен ғана жұмыс істейтінбіз, ал қазір бұл жүйенің бірнеше түрі бар. Икси, имси, пикси әдістері түрлі жағдайда қолданылады. Икси дегеніміз әрбір аналық жасушаның ішіне аталық жасушаны кіргіземіз. Микроскоп технологиясының көмегімен жасушаны көріп, арнайы әйнектен жасалған жіңішке иненің көмегімен аталық жасушаны кіргіземіз. Сондықтан да қазіргі кезде 90-80 пайыз сұранысты талап ететін әдістерге «»эко және икси» жатады. Әйел адамның тарапынан қателік кетсе, онда эко әдісімен емдейміз, яғни бұл жерде ер адамның кінәсі жоқ. Қазіргі таңда ғылым бір орында тұрмайды. 5-6 жылдың көлемі болды, иксиден бөлек имси деген түрі пайда болды. Мұнда біз әрбір сперматозоидты таңдап аламыз. Икси арқылы жатырға аналық жасушаны тікелей кіргіземіз. Ал имси әдісінде сперматазоидты арнайы таңдап аламыз. 6-7 рет сперматозоидтар үлкеюі мүмкін. Сол себепті егер сперматозоидтың қолы, аяғы, мойны, құйрығы барлығы дұрыс болса, онда оны қарап сала береміз. Енді қазіргі кезде жасанды ұрық жолының пикси деген түрі де пайда болды. Пиксиде де сперматазоидтарды таңдап алып, икси әдісімен кіргіземіз.

Галия Абеновна ©Айгүл Хожантаева
Галия Абеновна©Айгүл Хожантаева

Бүгінде магниттық әдіспен ұрықтандыруды қолға алып отырмыз. Бұл әдіс магниттік резонаспен сперматазоидтарды тексеріп алып, ең жақсысын ұстау арқылы аламыз. Әйел адам мен ер адамның ұрығын қосқаннан кейін эмбрион, яғни жаңа жасуша пайда болады. Эмбрионның сапасын көріп, оның қаншалықты жарамды екенін ескереміз. Эмбрион бір күнде бірден дайын эмбрион болып кетпейді. Ол бірінші күні өсіп кетпейді, тек үшінші күннен бастап нәтижесін беруі мүкін. Үшінші күні эмбриондарды жатырдың ішіне салуға болады. Кейде лабораторияда төртінші, бесінші күнге дейін ұстаймыз. Бесінші күн эмбрионның жетілетін уақыты, сондықтан да осы күні сала беруге болады. Оны саларда өзінің арнайы жолы болады. Эмбрион бірінші, екінші күні де солып қалуы мүмкін. Ал үшінші, бесінші күндері өссе және алтыншы, жетінші, сегізінші дәрежелі жасушалардан өтсе онда оны пайдалана беруге болады. Бұл процесстің жүзеге асуы тек қана дәрігерге немесе тек денсаулыққа да байланысты емес. Кейбір әйелдер: «менде барлық анализдерім жақсы. Сіз өзіңіз айттыңыз ғой жалпы қан анализі және зәр анализдері дұрыс деп айттыңыз ғой» , — деп жатады. Эмбрион жатырдың ішінде дамып, өссе, тек сол эмбрион ғана жүкті болуға әкеледі. Егер эмбрион генетика жағынан дұрыс болмаса, онда ол екі ай, үш ай өсуі мүмкін. Кейде мұны жатырға салғанымен ол өспейді, сондықтан да осындай жағдайда көбінде жасанды түсік жасатамыз. Енді табиғи дегеннің өзі құбылмалы нәрсе ғой. Егер бұл жерде бір нәрсе дұрыс болмаса, онда ол өз-өзінен сыртқа шығады. Тек қана жақсы эмбрион жақсы дамып, өседі. Жатырдың жұмысы нашар болса, бұл жерде бәрібір қан кетіп ұрық сақталмайды. Эко жасағанда да тура сол.

Бір жылда он екі ай болады. Жылына әйел адамға 12-13 рет етеккір келеді. Сондықтан біз ай сайын жүкті болмаймыз.

Табиғи жолмен немесе жасанды жолмен салынған ұрықтың айырмашылығы жоқ

Мейлі табиғи жолмен көтерген бала болсын, мейлі жасанды жолмен болсын бәрінде бірдей эмбрион болады. Жатырға табиғи жолмен түскен эмбрионмен, ұрықты сыртқа шығарып қатыру арқылы ұрықтандырып, жатырға салып берген эмбрионның еш айырмашылығы болмайды. Екі жолда да бірдей эмбрион, бірдей нәтижесін береді. Сондықтан көп әйелдер жасанды жолмен бала көтеру дұрыс емес немесе бір жерін дұрыс жасамаған деп айтып жатады. Дәрісін көп бермеген, аз берген деген сыбыстар да көп айтылады. Иә, расымен де көп нәрсе дәрігерге де байланысты. Дегенмен, дәрі эмбрионға әсер етпейді, тек жатырдың өзіне ғана әсер етеді. Себебі эмбрион дәріні өзіне қабылдамайды. Эмбрионды жасанды жолмен салып бергеннен кейін, сырттан жатырдың жұмысын істетеміз. Дәрілер тек жатырдың ішінде эндоминге ғана әсер етеді. Сондықтан эмбрион жатырға түскеннен кейін өз күшімен өсуі керек. Эмбрионды салғаннан кейін барып тағы да тест жасаймыз, қанын тексереміз, толық медициналық тексерістен өткіземіз. Хроникалық қан арқылы біз жүктіліктің болғанын, болмағанын біле аламыз. Эмбрионды жатырға салғаннан кейінгі бір аптада жатырдың ішінде пайда болғаны көрінеді. Бұл жерде эмбрионның өзі көрінбейді. Тек жатырға салған тамшыларды ғана көре аламыз. Эмбрион жасаған кезде бірнеше жасуша немесе бір ғана жасуша пайда болуы мүмкін. Мұндай жағдайда барлық жасушаны ұрықтандырамыз. Соның ішінен тек біреуін таңдап қана салып береміз.

Галия Абеновна ©Айгүл Хожантаева
Галия Абеновна©Айгүл Хожантаева

Мен пациенттеріме: «Бір жылда он екі ай болады. Жылына әйел адамға 12-13 рет етеккір келеді. Сондықтан біз ай сайын жүкті болмаймыз», — деп айтамын. Көп пациенттер бір эмбрионды салған кезде бірден жүкті болып кетеміз деп ойлайды. Бұл дұрыс емес. Ай сайын жаңа жасуша шықпайды, ай сайын екі ұрық қосылған кезде жақсы эмбрион бірден пайда болмайды. Барлығы уақытқа және салған эмбрионға байланысты. Себебі, бірнеше жасушаның ішінде тек біреуі ғана жақсы эмбрион болуы мүмкін. Тек жақсы жасуша мен жақсы сперматазоид қосылған уақытта ғана жақсы эмбрион пайда болады. Осы кезде ғана әйел адам жүкті болады.

Эмбрионды қатыру арқылы да жатырға саламыз

Біз әйелдер жылына тек бір-екі рет жүкті боламыз. Бірден бірнеше баланы дүниеге әкеле алмаймыз. Көп болса тек егіз өмірге келеді. Ал кей кезде бір эмбрион екіге бөлініп үшем болып қалуы да мүмкін. Біз көбінде үш эмбрион салуға тырыспаймыз. Себебі үшем болып кетуі мүмкін. Көп әйелдер үш эмбрион салып беріңізші, бірнеше бала туғым келеді деп жатады. Жоқ, бұл дұрыс емес. Екі бала болса бұл жүктіліктің асқынуы деп есептеледі. «Үш бала туылатын болса кішкентай және салмақтары да жеңіл болып туылады. Оларды тоғыз ай көтересіз. Сосын өмірге келген уақытта салмақтары 1 килограмнан аспай туылады. Кейін оларды арнайы аппараттар көмегімен өсіреміз. Ал одан кейін баланың денсаулығы не болмақ? Сосын ол балалар қалай өседі? Сіз осы жағын ойландыңыз ба?», — деп пациенттеріме айтамын. Оның біреуі сау болса, екіншісі әлсіз, үшіншісі аурушаң болуы мүмкін. Сондықтан дүниеге сәби әкелместен бұрын сіз олардың келешегін ойлағаныңыз жөн. Дүниежүзіндегі эко клиникаларда, соның ішінде Германия, Турция сынды мемлекеттерде ешқашан екі эмбрион салмайды, тек бір ғана эмбрион салынады. Еуропа мемлекеттеріндегі адамдарға екі бала деген тұрақты жағдай. Олар да тек бір немесе көп болса екі бала ғана болады. Ал біздің қазақтар көп бала болғанын қалайды. Бірақ эко бойынша бізде егіз балалар дүниеге көп келіп жатады. Эко жасамастан бұрын біз әйел адам мен ер адамды тексеріп аламыз. Бізге қант диабетімен, психикалық жүйесі тағы осы сынды аурулары бар жасы қырықтан, қырық сегізден асып кеткен әйелдер көп келеді. Бірақ біз олардан эко алмаймыз. Себебі егер ол адамнан эко алатын болсақ, ауруы одан әрі асқынып кетеді. Жарайды, бір нәрсе етіп баланы көтерер, бірақ кейін босанғаннан кейін сексен пайыз денсаулығы төмендеп кетеді. Пациенттеріме: «сіз баланы босандыңыз, ал балаға кім қарайды сонда?, — десем, «анам бар, әпкем бар солар қарайды», — деп жатады. Егер балаға өзіңіз қарамасаңыз, бала көтерудің қажеті қанша? Сондықтан экодан тек сау әйелдерді өткіземіз. Егер созылмалы аурулар болса, яғни асқынып кетпеген аурулар болмаса, мысалы үшін бүйрек ауруы сияқты, онда бұларға эко қабылдай беруге болады.

Эко арқылы дүниеге келген балалар©Айгүл Хожантаева
©Айгүл Хожантаева

Еркектердің де аталған ауруларын эко алдында емдеп аламыз. Бірақ оларды емдеу 2-3 айға созылады. Себебі ер адамдар дәрі ішсе бірден жақсы болмайды. Бір сперматазоид екі-үш ай өседі. Сондықтан да ер адамға екі, үш ай арақ ішпей, жақсы тамақтануын талап етеміз. Сол кезде ғана сперма жақсы шығады. Бүгінде арақ ішетін, темекі тартатын ер адамдардың қатары азайды. 2005-2006 жылдарға дейін араққа салынған ер адамдар көп болатын. Ал қазір 1986-1990 жылдардан жоғары азаматтар арақ ішпейді. Одан бөлек экология жағынан да өзгерістер болып жатыр. Бұл жағдай адамның гормональдық өзгеруіне алып келеді. Ал горманальдық жағынан өзгеру ұрықтарға әсерін тигізеді. Сондықтан да осы спермалар жағынан көп өзгерістер болады. Бұл жаман аурулардың бастамасына алып келеді. Яғни азооспермия ауруына шалдығуы мүмкін. Ал бұл ауруға шалдыққан ер адамда мүлдем ұрық болмайды. Жақында біз Қырғызстан, Өзбекстан елдерінде болдық. Оларда да дәл біздегідей жағдайлар көп екен. Сондықтан да оларда эко жоғарғы деңгейде дамымағандықтан бізге келіп жатады. Мұндай жағдайда біз ұрықтарды сыртқа шығарып, қатырып қоямыз. Эмбриондарды қатырып дайындаған соң жатырдың ішіне салып береміз. Соңғы кезде осы эко, икси, имсимен қатар осы қатырылған эмбрионда үлкен сұраныста. Бұрын бірінші әрекеттен эко жүзеге аспаса, екінші рет, үшінші рет әрекет жасап көру керек болатын. Ал қазір бір эмбрионнан көп жасуша шығарып аламыз. Бұл қайта-қайта адамның ақшасын құртпай, жиі наркоз жасаудан алдын алады. Сондықтан ең тиімді әдістің бірі осы қатырылған эмбрион болып табылады.

Әрбір нәзік жандар 25 жасқа дейін бала көтергені жөн

Енді 18 жастан асқаннан кейін 20-23 жас аралықтары эконың белсенді жүретін уақыты. Әрбір қыз баласы 25-27 жасқа дейін алғашқы баласын көтергені жөн. Ал 27-28 жастан асып кеткеннен кейін бедеулік пайда болуы мүмкін. 27 жастан асып кеткеннен кейін гормон жағынан өзгерістер болады. Ал 35 жаста аналық бездің ішіндегі фолликулар 90 пайызға азайып кетеді. Дегенмен 35 жасқа дейін аналық без жақсы жұмыс істейді. Сондықтан 35 жасқа дейін бір-екі баланы дүниеге әкелеген жөн.

Галия Абеновна ©Айгүл Хожантаева
Галия Абеновна©Айгүл Хожантаева

Мысалы дүниеге қыз бала келсе, оның аналық безінде жеті миллион жасуша болады. Туылған кезде екі миллион жасуша ғана қалады. Бірінші етеккір келген уақытта 300-400 жасуша ғана қалып, 80 пайыз жасуша жоғалып кетеді. Сөйтіп ай сайын он шақты жасуша жойылып отырады. Ал 35 жасқа келгенде 90 пайыз фолликула жоғалады. Ал қалған 10 пайыз фолликуламен жүкті бола ма, болмай ма белгісіз. Мұндай жағдайда 100 әйелдің 10 ғана жүкті болады. 40 жастағы әйелдер де жүкті болуы мүмкін, бірақ жүз әйелдің ішінен тек біреу ғана. Сондықтан қыз балаларға 25 жасқа дейін тұрмыс құрып, сәби сүю керек. Жұмыс, оқу деген бітпейді. Сол себепті көп жүріп қалмаған жөн.

Бұйрық бойынша біз 48 жасқа дейінгі әйелдерді экоға ала береміз. Ал 45 жаста бала көтергісі келетіндер де бар. Бұл баланың психикалық жүйке-жүйесіне әсер етеді.

Қаншама адамның ата-ана атануына септігін тигізіп жатқан «Экомед» клиникасының дәрігерлеріне алғыс айтушылар саны жетерлік. Жасанды ұрық жолымен сәби сүйіп, үлкен бақытқа кенеліп отырған Жазира мен Ерініс те алғыс айтушылардың қатарынан.

Ерініс пен Жазира қыздары Адиямен
Ерініс пен Жазира қыздары Адиямен©Айгүл Хожантаева

Жазира: Біз 2013 жылы отау көтердік. Өзіміз Жаркент қаласының тұрғындарымыз. Биыл шаңырақ көтергенімізге 6 жыл толды. Отау тіккен әрбір ерлі-зайыптының басты мақсаты – сәбилі болу. Себебі үйдің берекесін кіргізіп, ішіне жылу беретін осы бала даусы мен күлкісі. Алғашында сәбилі бола алмай жүргенімізге мән бермедік. Табиғи жолмен көтеріп қалармын деп бірнеше жыл күттік. Дегенмен, бұл ісіміз нәтижесін бермеді. Қайын сіңілім Алматы қаласында медицина саласы бойынша жұмыс істейтін. Сөйтіп бізге сәбилі болудың жолы бар екенін айтты. Бізге қуаныш сыйлаған, өміріміздің өзгеруіне себепші болған жанның бірі қайын сіңілім. Ол кісі Алматыда жасанды ұрық жолымен бала көтеруге болатыны жайлы айтты. Шыны керек, осы уақытқа дейін осы жолмен сәбилі боламыз деп ойламадық. Тіпті, эко жайлы еш хабарымыз да болмады. Басында қорқыныш болды. Бірақ әлеуметтік желіден осы жолмен дүниеге келген сәбилерді көріп, жасатуды жөн көрдік. Сөйтіп 2015 жылы «Экомед» клиникасына келіп, дәрігерлердің қабылдауынан өттік.

Ерініс: Мен бұл тексеріске, емге еш қарсылығым болмады. Себебі, нәрестелі болу кімнің де болсын үлкен арманы. Ең бастысы біз бір-бірімізді сүйдік, түсіндік. Басымызға салған тағдырымыздың үлкен сынына сағымыз сынып кеткен жоқ. Иә, кім болса да басына қандай жағдай түсіп тұрғанын білмейді. Алланың өзі пенделерінің басына көтере алатын сынақ береді деп жатады ғой. Мұны біз сынақ ретінде қабылдап, әрекет еттік.

Жазира: Бұл емге жолдасым қарсылығын білдірмей, керісінше үлкен қолдау көрсетіп, қиын кезде сүйеніш болды. Жолдасымның демеу көрсеткенінің арқасында Алланың қалауымен балалы болып отырмыз. Эконы бірінші рет қабылдадым. Бірінші емдеуден кейін еш қиындықсыз бірден жүкті болып, қазір Адия деген тәтті қызымыздың ата-анасы атанып отырмыз.

Ерініс: Қызымыздың тәтті қылықтарына тоймаймыз. Көбісі табиғи жолмен келген сәби мен жасанды ұрықтандыру арқылы өмірге келген сәбидің арасында айырмашылық болады деп ойлайды. Негізінде мүлдем олай емес. Бұл қате пікір. Құдайға шүкір қызымыздың денсаулығы жақсы, ешқандай аурулары да жоқ. Қызымыздың артықшылығы болмаса, кемшілігін байқамадық. Адиямды қаты жақсы көремін. «Әке» деп жүгіріп келіп мойныма асылғанда көзіме жас келеді. Үлкен күш пен энергияны осы қызымнан аламын. Қызымыз өте талапшыл, жасы небәрі екіде болса да өзінің дегенін істетпей қоймайды. Ақылды, пысық, өте зерек. Бір нәрсе айтсаң және қандай да бір жерге жұмсасаң бірден қағып алады. Күн сайын жаңа бір қылығы шығып отырады. Еркелеп, қоятын сұрақтары да таусылмайды.

Жазира: Болашақта тағы осы жолмен сәби сүю ойымыз да бар. Барлығы бір Алланың қалауымен болады. Жалпы, жастарға айтарым қиындық пен сынақты көтере білгендерің жөн. Сәбилі бола алмадық деп ажырасып кету әлсіздіктің белгісі. Бір-бірлеріңізді шын сүйіп қосылдыңыздарма, онда соңына дейін өмірдің ащысына да, тұщысына да, қуанышын да бірге көтерулеріңіз керек. Не болса да шыдамды болыңыздар. Иә, басында қиындық болады. Дегенмен әрбір істің қайыры болады. Сондықтан да бір-бірлеріңізге әрдайым демеу болып, қолдап жүріңіздер!

Шындығында, қазіргі қыз-келіншектер мен әйелдер – жұмысбасты. Мансап қуып жүріп, ана болу бақытын кейінге шегеретіні де рас. Ертеде Кембридж университетінің бір профессоры: «Кейінгі кезде әйелдердің бедеулігі жиіледі. Себебі, қан айналымы – жатырға емес, миға кетіп жатыр» деген екен. Сондықтан әйел адам – ана болу ең бірінші міндеті екендігін естен шығармағаны жөн.