16 жастағы қыздарға ата-анасының келісімінсіз жасанды түсік жасатуға рұқсат беріле ме?

Қоғам мүшелері қолдаса, мұндай норма Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстің жаңа редакциясына енгізіледі.

Аборт жасанды түсік жүктілік
Фото: Likar.info

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ләззат Ақтаева 16 жастағы қыздарға ата-анасының келісімінсіз жасанды түсік жасату туралы ұсынысқа қатысты түсінік берді.

Вице-министрдің айтуынша, бұл ұсыныс кәсіби ортада бірнеше жыл бұрын да талқыланған. Посткеңестік кеңістіктегі кейбір елдерде және Еуропада 16 жастан бастап қыздардың жүктілігін ата-анасының келісімінсіз тоқтату туралы норма тәжірибеде қолданылады.

Әңгіме жасөспірімдердің 16 жасынан бастап барлық медициналық қызметті пайдалана алуы туралы болып отыр. Олар – профилактикалық, кеңес беру, емдеу, сауықтыру қызметтері. Жасөспірімдер жеке басты куәландыратын құжатты 16 жасынан бастап алады, тиісінше 16 жасынан бастап медициналық қызметтерді пайдалану жөнінде өз еркімен шешім қабылдай алады, – деді Ләззат Ақтаева.

Денсаулық сақтау вице-министрі бұл мәселеде отбасы мен сенімді қарым-қатынас роль атқаратынын айтты. Оның сөзіне қарағанда, дәрігерлерге көп жағдайда ата-ана функциясын орындап, бас тартуға болатын жүктілік, инфекциялық аурулар, адамгершілік-жыныстық тәрбие мәселелерін жасөспірімдермен бірге талқылауға тура келеді.

Ләззат Ақтаева егер қазақстандықтар бұл нормаға қарсылық білдірсе, онда оның Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстің жаңа редакциясына енгізілмеуі мүмкін екенін айтты.

Бұл норманың талқыланып жатқаны жақсы. Халықтың және осы жас санатының бұдан не күтетінін білуіміз үшін оны халыққа да, бізге де дұрыс жеткізе білу керек. Бұл норма қоғамның келісімімен ғана қабылданады, – деді Ләззат Ақтаева.

Еске салайық, бұған дейін ақпарат құралдары Қазақстанда 16 жастағы қыздарға жүктілікті ата-анасының келісімінсіз тоқтатуға рұқсат берілуі мүмкін екенін хабарлаған еді. Денсаулық сақтау министрлігі мамандарының бұл ұсынысы “Нұр Отан” партиясы жанындағы әлеуметтік кеңес отырысында айтылған.