Нұрсұлтан Назарбаев бюджеттік әуе компаниясын құруды тапсырды

Мемлекет басшысы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбекті, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің мүшесі Ричард Эвансты және Air Astana әуе компаниясының президенті Питер Фостерді қабылдады. Кездесуде азаматтық авиацияны дамыту мәселелері және Air Astana әуе компаниясының қазіргі ахуалы мен алдағы перспективалары талқыланды.

Air Astana — біздің негізгі әуе тасымалдаушы компаниямыз. Біз оны Ричард Эванспен бірлесе құрдық. Осы жылдар ішінде көп жұмыс атқарылды. Бүгінде компания жақсы қырынан танылып, оң имидж қалыптастырды, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кездесуге қатысушылар Қазақстан Президентіне әлемдік әуе тасымалы нарығындағы соңғы үрдістер жөнінде айтты. Нұрсұлтан Назарбаевқа ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты азаматтық авиацияны басқарудың британ моделінің элементтерін енгізу мақсатымен атқарылып жатқан жұмыс жөнінде баяндалды.

Инвестициялар және даму министрінің мәліметіне сәйкес, 2018 жылы Қазақстанда 13 бағыт бойынша әуе рейстері ашылып, Астанада «ашық аспан» пилоттық жобасы іске асырылды.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы әуе тасымалы қызметінің халыққа қолжетімділігін арттырудың маңызын атап өтіп, Air Astana компаниясының базасында төмендетілген тариф бойынша көлік қызметін көрсететін бюджеттік әуе компаниясын құруды тапсырды.