Нұрсұлтан Назарбаев: Қызметкерлерді озық технологиялармен жұмыс істеуге үйрету керек

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы «Ембімұнайгаз» АҚ Өндірістік үдерістерді қадағалау орталығының жұмысымен танысты. Онда Назарбаевқа цифрлық зияткерлік кен орнының жүйесі көрсетілді. Бұл нақты уақыт режімінде өнеркәсіп нысандарынан түсетін ауқымды мәліметтерді өңдеуге, шұғыл шешім қабылдау мақсатымен оларға әрі қарай талдау жасауға, сондай-ақ кен орындарындағы өндіру үдерісін жақсартуға мүмкіндік береді.

©Аkorda.kz

Президент кен орындарына цифрландыру элементтерін енгізудің арқасында еңбек өнімділігі артып, құрылғыларды жөндеу мерзімінің және бірін-бірі қайталайтын құрылымдардың қысқарғанын айтып, түпкі нәтиже бастапқы шығыннан екі есе және одан да көбірек болатынын атап өтті.

«Мұнай өндірудің қазіргі әдістерімен ғана шектелмей, заманауи тәсілдерді де қолдану қажет. Ең алдымен қызметкерлерді озық технологиялармен жұмыс істей білуге үйрету керек», – деді Елбасы.

«Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов Мемлекет басшысына «Ұлттық индустриялық мұнай химиясы технопаркі» арнайы экономикалық аймағы қызметінің негізгі нәтижелері туралы баяндады.

Сонымен қатар Қазақстан Президентіне Атырау инженерлік желісінің электрондық сызбаларына, ауыл шаруашылығына арналған жерлерге, кең таралған пайдалы қазбалар орындарына, өңірдегі жерлерді пайдалану шарттарына және мемлекеттік қызметке электрондық форматта тапсырыс беруге немесе мемлекеттік органға өтініш жолдауға онлайн-мониторинг жасау үшін мүмкіндік туғызатын Атырау облысының геоақпараттық порталы таныстырылды.

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев аталған электрондық ресурстың енгізілуі өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға, бизнес-процесті автоматтандыруға, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсартуға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қатерін және жерді пайдалану шарттарының бұзылуын азайтуға мүмкіндік беретінін айтты.

«Жігермұнайгазсервис» кәсіпорнының зауытында Мемлекет басшысы металл конструкцияларын өндірудің технологиялық процесімен танысып, ішкі және сыртқы нарыққа арналған дайын өнімдерді көрді. Кәсіпорын жұмысшыларымен кездесуде Президент өнеркәсіптің түрлі саласына цифр технологияларын енгізудің маңызы мен «Жігермұнайгазсервис» қолға алған өндірісті әртараптандыру ісінің артықшылықтарын атап өтті.