«Қазгидромет» 26 сәуірде ауа райы жайсыз болатынын ескертті

Ауа райының қолайсыздығына байланысты өңірлерде ескерту жарияланды. Атап айтқанда, Қызылорда облысында 15-20 м/с жел соғады, найзағай ойнайды, шаңды дауыл тұрады. Павлодар, Қарағанды облыстарында жел екпіні 25 м/с-ке дейін күшейеді.

Ақмола, Қостанай облыстарында тұман түсіп, көктайғақ болады, жаяу бұрқасын соғады, Ақмола облысында оңтүстік-батыстан соғатын 15-20 м/с жел солтүстік-батысқа ауысса, Қостанай облысында жел солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа ауысады.

Солтүстік Қазақстан облысында жаңбыр, қар жауып, тұман түседі, көктайғақ болады, солтүстік-батыстан, батыстан 25 м/с жел соғады, ауа температурасы түнде 5 градус аязға дейін төмендейді, өңірде Есіл суының деңгейі көтерілуі мүмкін. Шығыс Қазақстан облысында 15-20 м/с жел соғады, нөсердің салдарынан өзендердің деңгейі көтерілуі мүмкін.

Жамбыл, Түркістан облыстарында да жел күшейеді, бұршақ жаууы мүмкін, Түркістан облысында 2 градус үсік болады, өңірде Сырдария суы қауіпті деңгейге жақындауы мүмкін. Жамбыл, Алматы облыстарында тұман түседі, Алматы облысында өзендердің деңгейі көтерілуі мүмкін. Ақтөбе облысында 16 м/с жел соғады. Үлкен Алматы, Кіші Алматы өзендері бассейнінде қар көшкіні болуы мүмкін.