25 сәуірде еліміздің көп өңірінде жел күшейіп, бұршақ жауады

Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Маңғыстау облыстарында және Нұр-Сұлтан мен Алматыда ауа райының қолайсыздығы туралы ескерту жарияланды.

ауа райы жаңбыр
Фото: Reuters.com

25 сәуірде Қазақстанның көп бөлігінде тағы да жаңбыр жауады. Өңірлерде тұман түседі, жел күшейеді, найзағай ойнап, бұршақ жаууы мүмкін, оңтүстікте және оңтүстік-шығыста нөсер жауады, батыста ғана күн ашық болады.

“Қазгидромет” кәсіпорны мамандарының хабарлауынша, Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстарында екпіні 25 м/с-ке жететін жел соғады, өңірлердің кей жерлерінде бұршақ жаууы мүмкін, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында тұман түседі. Нұр-Сұлтанда оңтүстік-батыстан 15-20 м/с жел соғады. Жамбыл облысында жел екпіні 23-28 м/с-ке жетеді, бұршақ жаууы мүмкін. Алматы облысында да бұршақ жаууы мүмкін, 15-20 м/с жел соғады, өзендердің деңгейі көтерілуі мүмкін. Шығыс Қазақстан, Түркістан, Қызылорда облыстарында 15-20 м/с жел соғады, Түркістан облысының солтүстіктегі және таулы аудандарында 1 градус ызғар болады, найзағай ойнайды, өзендердің деңгейі көтерілуі мүмкін. Маңғыстау облысында тұман түседі. Үлкен Алматы, Кіші Алматы шатқалдарында қар көшкіні қаупі бар.