Сәуірде ауа райы қандай болады?

Сәуірде ауа температурасы еліміздің солтүстігінде климат нормасы шегінде, ал оңтүстікте нормадан 1 градусқа жоғары шамада болады. Бұл туралы «Қазгидромет» синоптиктерінің бір айлық консультациялық болжамында айтылады.

Мамандардың мәліметінше, бірінші және екінші онкүндікте Скандинавия аймағынан еліміздің солтүстік-батысына және Ресейдің еуропалық бөлігінің оңтүстігінен еліміздің батысына ауа массалары басып кіреді. Соның әсерінен күн екі толқын суиды.

Ауа температурасы бірінші онкүндіктің ортасында және екінші онкүндіктің бірінші жартысында төмендейді, ол уақытта температура еліміздің солтүстік және солтүстік-батысында түнде 3-8 градус аязға дейін, кей жерлерде 11 градус аязға дейін төмендеп, күндіз 0-5, кей жерлерде 8 градус жылы болады, оңтүстікте түнде 0-5 градус жылы, кей жерлерде 0 градус, күндіз 10-15 градусқа, кей жерлерде 20 градусқа дейін жылы болады, батыста бірінші және екінші онкүндіктің басында суық болады, түнде температура 0-5 градус аязға дейін, күндіз 5-10 градус жылыға дейін төмендейді.

Орталықта және шығыста суық күндер бірінші онкүндіктің соңына және екінші онкүндіктің ортасына қарай ауысады. Ауа температурасы түнде 3-8, кей жерлерде 11 градус аязға дейін, күндіз 5-10 градус жылыға дейін төмендейді.

Ауа температурасының төмендеуі мен жоғарылауы ауысып отырады. Бірінші және үшінші онкүндіктің басында жекелеген күндері ауа температурасы солтүстікте, орталықта және шығыста 8-13 градус, кей жерлерде 18 градус жылыға дейін көтеріледі, еліміздің оңтүстік-батыс және оңтүстік бөлігінде 20-25, кей жерлерде 15 градус жылы болады, үшінші онкүндіктің басында күн 30 градусқа дейін жылиды.

Сәуірде республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормаға жуық, оңтүстік-батыста және орталықтың кей жерлерінде нормадан төмен, еліміздің шығысында және оңтүстік-шығысында нормадан жоғары болады, — делінген синоптиктердің хабарламасында.