2023 жылғы 1 тамызда Алматыдағы Ақкент ықшамауданында көпқабатты үйлердің бірі өртенді. 300 адам эвакуацияланып, 70 адам құтқарылды. Өрт сөндірушілерге тұрғындар көмектеспекші болып, кілеммен адамдарды қағып алып жатты. Кілемге секірген бір әйел қайтыс болды. Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті тұрғын үйде өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмағанын мәлімдеді.
Тұрғын үйде қандай өрт талаптары сақталуға тиіс? Оған кім жауапты? Өрт болған кезде тұрғындар не істеуі керек? Үйі өртенген тұрғын өтемақыны қалай өндіріп алады? Бұл сауалдарға Алматыдағы №1 мамандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі Дархан Рысбаев пен Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Бахтияр Садыров жауап берді.
1. Пәтерден/жекеменшік үйден өрт шықса, не істеу керек?
Өрт сөндіруші Дархан Рысбаевтың айтуынша, өртті, түтінді көргенде, оның неден шыққанын анықтау қажет. Оны сөндіруге адамның күші жетпесе, дереу өрт сөндірушілерге хабарласу керек.
Бұл үшін 101 (өрт сөндірушілер) немесе 112 (төтенше жағдайлар департаментінің бірыңғай кезекші) нөміріне қоңырау шалып, өрт болып жатқан жердің нақты мекенжайын айту керек.
Өрт сөндірушілерге хабарласуға мүмкіндік болмаса, терезеден адамдарға айғайлап, көмек сұрау қажет.
Үйден шығып кетуге мүмкіндік болса, ол жерден бірден қашу керек. Лифтімен түсуге болмайды. Өйткені апат кезінде лифт тоқтап қалуы мүмкін. Баспалдақпен түскен дұрыс.
Сонымен қатар үй өртеніп жатқанда ешқашан терезеден секіруге болмайды.
2. Өрт кезінде пәтерден/үйден шыға алмаса, не істеу керек?
Мұндай жағдайда үрейге бой алдырмай қауіпсіз бөлмеге немесе балконға тығылып, өрт сөндірушілерді күту керек.
Сүлгі, төсек жайма, киім, жалпы, матадан тігілген заттарды алып, оны сулап, есіктің түтін кіретін тесіктерін сол заттармен “жамап”, жапқан дұрыс.
Оған қоса кез келген суланған матамен бетті, мұрынды, ауызды жауып, бөлмеде көмек күткен кезде міндетті түрде етпетінен жату қажет.
Бөлмеден қабырға бойымен еңбектеп шығуға болады. Ал өртеніп жатқан үйде бірнеше адам болса, бір-бірімен қол ұстасып немесе бір-бірінің арқасынан ұстап, шығуы қажет.
Өрт болып жатқан жерде жақын адамыңыз қалса, оны өрт сөндірушілерге міндетті түрде айту керек.
3. Тұрғын үйден өрт шықса, оған кім жауапты болады?
Салынған кез-келген үйді заңдастыру керек. Бұл процесс үй салуға тапсырыс берушілер құрылыс компаниясына тапсырыс беруден басталады.
Үй салатын компания құрылыс кезінде міндетті түрде өрт шықса, дабыл қағатын сигнализация, апат кезінде шығатын есіктер салады. Дабыл қағатын сигнализация әр қабатта болуы керек.
Құрылыс компаниясы тұрғын үйді салып біткен соң, тапсырыс берушілерге үйді қабылдауға ұсынады. Тапсырыс берушілер тұрғын үйді қабылдар алдында, оның критерилерге қаншалық сай екенін тексереді.
Тексеру кезінде өрт сөндіру инспекторы үйдің өрт қауіпсіздігін, яғни сигнализацияның, апат кезінде шығатын есіктердің бар-жоғын қарайды.
Тексерістен кейін тұрғын үй толық тапсырыс берушілердің жауапкершілігіне өтеді. Ол жерде қандай проблема туындаса да, енді оның бәріне тек тапсырыс берушілер жауап береді.
4. Өрт қауіпсіздігі компаниясы немен айналысады?
Тұрғын үйге адамдар қоныстанғаннан кейін, тапсырыс берушілер өрт қауіпсіздігі компаниясымен келісімшартқа отырады. Бірақ мұны тұрғындармен және пәтер иелері кооперативі ұжымымен ақылдасады.
Бұл компания дабыл қағатын сигнализацияны, апат кезінде шығатын есіктерді жыл сайын тексереді. Өрт қауіпсіздігіне байланысты проблемалар туындаса, соны шешеді.
Жекеменшік үйлерде де дабыл қағатын сигнализация, апат кезінде шығатын есіктер болмаса, өрт сөндіруші инспектор үйдің қожайынына ескерту жасайды. Белгілі бір уақыттан кейін берілген шартты орындамаса, оған айыппұл салынып, шартты орындамайынша үйді заңдастырмайды.
5. Пәтері өртенген тұрғын өтемақыны қалай өнідіріп алады?
Өртенген үйді қалпына келтіру өтемақысын үш жолмен өндіруге болады:
- Мемлекеттен әлеуметтік көмек алу.
- Өртке кінәлі адамнан/компаниядан талап ету.
- Сақтандыру төлемін алу.
Мемлекеттен әлеуметтік көмек алу
Қазақстанның әр азаматы әкімдікке барып, өтініш жазып, өрттен кейін керек материалдық шығынды алуға құқылы. Ол үшін мынадай құжаттар қажет:
- отбасы мүшелерінің немесе үй қожайынының жеке куәлігі;
- осы үйде тұратынын растайтын тіркеу анықтамасы;
- отбасы мүшелерінің табысы туралы анықтама;
- өрт сөндірушілер жасаған акт (бұл актіде өрт неден шыққаны жазылады).
Барлық құжатты тапсырғаннан кейін, мемлекет тарапынан комиссия құрылады. Комиссия зардап шеккен адамға белгілі бір өтемақы беру үшін, өрттен кейінгі залал сомасын анықтайды.
Одан бөлек үй иесі тәуелсіз бағалау жүргізуге құқылы. Бұл үшін бағалаушыны жалдап, өртенген үйді қалпына келтіру үшін қанша қаражат керек екенін анықтайды. Бағалаушы үйді мынадай критерий арқылы бағалайды:
- үй елдімекеннің қай аймағында орналасқанын;
- үйдің құрылыс материалы (қабырға, еден неден, қай материалдан жасалғаны, оның сапасы).
Ескерту! Үйдегі дүние-мүлік бағалау есебіне кірмейді.
Мемлекеттік комиссия мен бағалаушының ұсынған сомасы сай келмесе, үйдің иесі ортақ соманы анықтау үшін істі сотқа бере алады. Сот алдында екі тарап өз бағалау қорытындысын баяндап, соңында жәрдемақының нақты сомасын сот шешеді.
Қаржының көлемі, беру тәртібі мен уақыты жергілікті билік өкілінің қаулысында жазылады.
Өртке кінәлі адамнан/компаниядан талап ету
Өрт болған жерге полиция қызметкерлері де барады. Өрт сөндірушілер полиция қызметкерлеріне өрт неден шыққаны туралы анықтама береді.
Полиция қызметкері осы анықтамаға сүйене отырып қылмыстық іс қозғайды. Ол куәгерлерден, жәбірленушілерден жауап алады. Сосын күдіктіні тауып, оны сотқа жібереді.
Осы өрттен зардап шеккен және өтемақы талап етіп отырған тұлға жауап алу кезінде полиция қызметкеріне өзін азаматтық талапкер ретінде көрсетуі керек.
Азаматтық талапкер дегеніміз - қылмыстық әрекеттің салдарынан материалдық зардап шеккен, оның орнын толтыру жөніндегі талап қойған жеке азамат немесе заңды тұлға.
Азаматтық талапкер ретінде танылу үшін жеке тұлға полицейге өрттен кейін зардап шеккенін айтады. Оған қоса бағалаушы шығарып берген залал сомасын растайтын құжатты береді. Арыз жазып, өрттен кейінгі залал сомасын кінәлі тарап төлегенін талап етеді.
Кінәлі адам немесе өрт қауіпсіздік компаниясының қызметкерлері бас бостандығынан айыру, шектелу немесе өтемақы төлеу жазасын алады.
Жекеменшік үй, тұрғын үй техникалық ақаудың салдарынан өртенсе, онда өртке сол үйдің/пәтердің иесі кінәлі болады. Ал өрт дәліден шықса, пәтер иелерінің кооператив қызметкерлері кінәлі болады.
Кінәлі адам/компания сот үкімін орындамаса, онда оның барлық банк шоты бұғатталып, шетелге шығуына тыйым салынады.
Сақтандыру төлемін алу
Жеке тұлға үйін өртке дейін сақтандырып қойса, өрттен соң сақтандыру төлемін ала алады.
Бұл жерде үй иесі өтініш беріп, сақтандыру компаниясы өрттен кейінгі залал сомасын анықтайды.
Ақшаның көлемін, беру тәртібі мен уақытын сақтандыру компаниясы шешеді.
Жеке тұлға бұл жағдайда да бағалаушыны жалдап, жанған үйді қалпына келтіру үшін қанша қаражат қажет екенін анықтай алады.