Ақкенттегі өрт: далада қалған тұрғындар наразылық білдірді

Алматыда өрттен кейін далада қалған Ақкент көпқабатты үйінің тұрғындары наразылық білдірді.

Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Олар әкімдіктің мектепте ұйымдастырған уақытша орталығына жатқысы келмейді. Ал қонақүй немесе пәтер жалдау құны тым қымбат. Жергілікті билік ұсынған қаржы оның біріне де жетпейді деп назын айтты тұрғындар.

Ресми жалға берілетін пәтер аз. Бүгін ондай болмасын деп талап қойдық. Сабақ басталайын деп жатыр. Бәрі оны біледі. Содан кейін бағаны да қымбат жоғары сұрап отыр. Екі-үш айға ешкім бергісі келмейді, — деді тұрғын Мирас Игібаев.

Өрт құрсауында қалған 16 қабатты үйде 96 отбасы тұрған. Жартысынан көбі мемлекеттік бағдарлама бойынша жалға алынған баспана.

Оқиға орнына келген аудан әкімі ұсыныс жасады: пәтерді әр отбасы өзі табуға тиіс. Тек бір бөлмелі баспана – 200 мың, екі бөлмелі – 300 мың, үш бөлмелі пәтер – 400 мың теңгеден аспауы қажет. Бәрі ресми болуы шарт.

Әр тұрғын өзі жалдап тұратын үй иесімен жасасқан келісім құжаты мен баспананың мекенжайын көрсетуі керек. Көмек екі айға қарастырылған. Өйткені өрт шыққан үйдегі қайта қалпына келтіру жұмысын сол аралықта аяқтайды. Бірінші қабаттан тоғызыншы қабатқа дейін электр желісі түгел ауыстырылып, пәтерлер тазартылады. Тұрғындар өз үйіне қыркүйектің соңына қарай орала алады. Оған дейін дүние-мүліктің сақтығы да бақылауда болады, — деді аудан әкімі.

Еске салайық, 1 тамызда Алматыда Ақкент ықшамауданында көпқабатты үйлердің бірі өртенді. 300 адам эвакуацияланып, 70 адам құтқарылды.

Сағат 18.46-да өрт сөндірілді.

Көпқабаттағы үйдегі өрттен зардап шеккен бір әйел қаза болды.

Тұрғын үй кешеніндегі алапат өрт оқиғасы бойынша екі қылмыстық іс қозғалды.