ТЖД: Ақкенттегі үйдің өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмаған

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті Ақкент шағынауданындағы көпқабатты үйде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмағанын мәлімдеді.

Департамент бастығының міндетін атқарушы Ерлан Әлібековтың айтуынша, үйде түтінге қарсы жүйелер дұрыс жұмыс істемеген. Ондай құрылғылар түтіннің будақталып жиналуына жол бермейді. Бұдан бөлек тұрғын үйлерде түтін кірмейтін эвакуациялық баспалдақтар болады. Есіктері өздігінен жабылады. Бірақ өрт болған үйде эвакуациялық баспалдақтардың есіктері жабылмай тұрған. Соның салдарынан үйді қалың түтін басқан.

Көпқабатты үйлерде апаттық жағдайда шығу жолдары болуы керек. Ондайда бесінші қабаттан бастап балкон арқылы люктар болады. Барлығында темір баспалдақ орнатылады. Осы люктардың бәрін жауып тастаған. Ашық болғанда жоғарғы қабаттардан бесінші қабатқа дейін түсуге болатын еді. Сол жерден өрт сөндірушілерміз қол баспалдақтарымен алып шыға алады, — деді Ерлан Әлібеков арнайы брифиңде.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта төтенше жағдайлар мамандары құрылыс кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын тексере алмайды. Себебі шағын және орта бизнесті тексеруге тыйым салынған.

Ақкентегі 16 қабатты үй 2017 жылы салынған. Бірақ 2020 жылға дейін пайдалануға берілмеген.

Еске салайық, 1 тамызда Алматыда Ақкент ықшамауданында көпқабатты үйлердің бірі өртенді. 300 адам эвакуацияланып, 70 адам құтқарылды.

Сағат 18.46-да өрт сөндірілді.

Көпқабаттағы үйдегі өрттен зардап шеккен бір әйел қаза болды.

Тұрғын үй кешеніндегі алапат өрт оқиғасы бойынша екі қылмыстық іс қозғалды.