Баспаналы болуға көмектесетін мемлекеттік сыйлықақы қалай беріледі?

Алматы, қала, We Almaty
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

«Үйлі болсам» деп «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» шот ашып, ақша жинап жатқан азаматтарға жыл сайын мемлекеттік бюджеттен арнайы сыйлықақы тағайындалады.

Бүгінгі материалда мемлекеттік сыйлықақыны алу реті және қаражатты жылдам жинауға мүмкіндік беретін «Отбасылық пакеттің» артықшылығы туралы айтамыз.

1. Мемлекеттік сыйлықақы деген не?

Мемлекет сыйлықақысы – "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" салымшыларының депозиттеріне олардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға деген ынта-ықыласын арттыру үшін республикалық бюджеттен аударылатын қаражат.

Қазіргі уақытта бұл бонусты тек "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" клиенттері алып отыр.

2. Ең жоғарғы мемлекеттік сыйлықақы қалай тағайындалады?

Мемлекеттік сыйлықақы бір жыл ішінде шотқа салынған ақшаның 20%-ы көлемінде беріледі. Бірақ оның жоғарғы шегі бар – сыйлықақы 200 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын салым сомасы бойынша есептеледі.

Биылғы ең жоғарғы мемлекеттік сыйлықақы - 96 200 теңге. Мұндай соманы жыл ішінде шотына 481 000 теңге (200 АЕК) салған адам ала алады (96 200 - 481 мыңның 20%-ы).

Жыл ішінде салынған ақша 200 АЕК-тен аз болса да, бәрібір салымшы сол аударылған қаражаттың 20%-на тең сыйлықақыға ие болады (мысалы, 100 мың теңге салсаңыз, 20 мың теңге аласыз). Егер сома 200 АЕК-тен асса, артылған сома келесі жылы мемлекеттік сыйлықақы тағайындау кезінде ескеріледі.

Егер салымшының банкте бірнеше депозиті болса, мемлекеттік сыйлықақы тек біреуіне беріледі.

3. 2018 жылдың сыйлықақысын алу үшін депозитті қай уақытқа дейін толтыру керек?

Салымшылар биылғы мемлекеттік сыйлықақыны алу үшін 29 желтоқсан күні сағат 18.00-ге дейін депозиттерін толтырып үлгеруі керек. Келесі күні салынған жарна 2019 жылы қаңтарда тіркеуге алынып, келесі жылдың есебіне енеді.

Жалпы алғанда, тұрғын үй құрылысы жинағын жылдың қай кезеңінде салғаныңыз маңызды емес. Егер жаңа клиент жыл соңына дейін салым ашса немесе бұрынғы клиент "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі" салымын толтырса, мемлекеттен сыйлықақы ала алады.

4. Сыйлықақы қандай жағдайда бюджетке қайтарылады? 

Кейде сыйлықақы бюджетке қайтарылады. Оған мынадай жағдайлар себеп болуы мүмкін:

  • салымшы банктен алынған несиені тұрғын үй жағдайын жақсартуға емес, басқа мақсатта пайдаланса;
  • үш жылдан аз уақыт қаражат жинаса және депозитті мерзімінен бұрын жабамын деп шешсе, мемлекет сыйлықақысы бюджетке қайтарылады.

Ескере кететін жайт: мемлекеттік сыйлықақы ҚР азаматтарына ғана беріледі.

5. Қаражатты жылдам жинауға "Отбасылық пакет" қалай көмектеседі?

Жинаған қаражатыңызды "Отбасылық пакет" арқылы арттыруыңызға болады. Егер отбасының барлық мүшесіне жеке-жеке депозит ашсаңыз, мемлекеттік сыйлықақы "Отбасылық пакеттің" әр депозитіне беріледі. Осылайша қажет соманы жылдам жинауға мүмкіндік артады.

"Отбасылық пакет" қаншалықты тиімді? 5 жыл ақша жинап, 10 миллион теңге тұратын үй алуды жоспарлаған жалғыз адамның және екі адамнан тұратын отбасының жағдайын салыстырып көрейік.

Бір салымшы

Салымшылар отбасы

(ерлі-зайыпты)

Депозит

Ай сайын шотқа түсетін сома
— 83 000 тг

Үй алуға керек қаражатты жинау

— 5 жыл

Ай сайын шотқа түсетін сома —

83 000 тг (ерлі-зайыптылардың әрқайсы өз депозитіне 41 500 теңгеден салады)

Мемлекеттік сыйлықақы (5 жыл ішінде) — 481 000 тг Мемлекеттік сыйлықақы (5 жыл ішінде) —

962 000 тг

Банктің беретін %-ы — 261 652 тг Банктің беретін %-ы — 261 652 тг
Жалпы жиналған қаражат —

5 722 652 тг

Жалпы жиналған қаражат —

6 203 652 тг

Несие

Заем сомасы — 4 277 348 тг Заем сомасы — 10 000 000 тг;

Несие мерзімі — 8 жыл

Заем сомасы — 3 796 348тг
Сыйақы мөлшерлемесі — 4,5% Сыйақы мөлшерлемесі — 4,5%
Ай сайынғы төлем  — 53 138 тг Ай сайынғы төлем — 47 162 тг

Мемлекеттік сыйлықақы аламын деп ниет білдірген адам депозитті бөлімшеге бармай-ақ аша алады. Ол үшін банк сайтына кіріп, "Сіздің кеңесшіңіз" бетіне өтіп, қаласын таңдауы керек. Осыдан кейін сол аймақтағы кеңесшілер тізімі шығады. Қалаған консультантпен байланысқан соң оны ыңғайлы уақытқа және ыңғайлы орынға шақырып, кеңес алып, шот рәсімдеуге болады.