42 500 теңге туралы жиі қойылатын сұрақтарға жауап

Үйлену той, шығын
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Шілдедегі шектеуге байланысты табысынан айырылған Қазақстан азаматтарына 42 500 теңге беріледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі төлемге қатысты ең жиі қойылатын 18 сұраққа жауап берді.

1. Мүгедектігі бар адамдар 42 500 теңге ала ма?

42 500 теңге мына санаттағы адамдарға беріледі:

1) жалақысыз демалысқа шыққан қызметкерлер (өтінішті жұмыс беруші береді);

2) жеке кәсіпкерлер;

3) жеке практикамен айналысатын адамдар;

4) қызмет көрсетіп, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатын жеке тұлғалар;

5) бірыңғай жиынтық төлем төлейтін жеке тұлғалар (бұдан әрі – БЖТ төлеуші).

Мүгедектігі бар азамат осы санаттардың біріне жатса және шілде айындағы шектеулерге байланысты кірістен айрылса, біржолғы төлем алуға құқылы.

2. Жүкті әйелдер және 3 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша демалыстағы адамдар 42 500 теңге ала ма?

Біржолғы төлем қатаң карантин шектеу шараларының енгізілуіне байланысты 2020 жылғы шілдеде табысынан айырылған адамдарға тағайындалады.

Жүктілікке және босануға байланысты декреттік демалыстағы немесе 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жалақысы сақталмайтын демалыстағы адамға біржолғы әлеуметтік төлем төленбейді.

Өзге жағдайда, яғни ол жалдамалы жұмысшы (өтінішті жұмыс беруші береді) немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған болса (кем дегенде бір рет БЖТ төлеген, мысалы, төтенше жағдай кезінде немесе күшейтілген шектеулер енгізілгенге дейін), біржолғы әлеуметтік төлем ала алады.

3. Жұмыссыздар 42 500 теңгені алуға құқылы ма?

Қолданыстағы заңға сай, жұмыстан босатылған қызметкерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айрылуы бойынша әлеуметтік төлем алады. Төлем жоғалған кірістің 40%-іне дейінгі мөлшерде МӘСҚ (міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры) қаражаты есебінен беріледі.

Төлем тағайындау үшін жұмыстан шығып қалған қызметкерге:

- Egov.kz порталында авторизация жасау;

- "Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту" бөлімінде "Жұмыс іздеп жүрген адамдарды  тіркеу" қызметін таңдау;

- онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолды толтыру және өтінімге ЭЦҚ қойып, жіберу қажет;

- бір күн ішінде адамның тұрғылықты жеріндегі Халықты жұмыспен қамту орталығы (ХЖҚО) бос жұмыс орындарын ұсынады;

- жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде жұмыссыз статусы қашықтан беріледі. Қажет болған жағдайда қосымша ақпарат жинау үшін ХЖҚО қызметкері хабарласады.

Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпарат жүйесі проактив форматта МӘСҚ-тен төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автомат түрде тағайындалады.

МӘСҚ қаражаты есебінен жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан беріледі және ол жұмыссыз адамды қолдауға арналған.

4. Студенттерге 42 500 теңге беріле ме?

Бұл ретте жалдамалы жұмысшы ретінде жұмыссыз қалған (өтінішті жұмыс беруші береді), жеке кәсіпкерлікпен айналысатын, соның ішінде БЖТ-ны тұрақты төлейтін (ай сайын) студенттер шектеулерге байланысты кірісінен айырылса, біржолғы төлем алуға құқылы.

5. Зейнетақы мен жәрдемақы алушылар 42 500 теңге алуға құқылы ма?

Зейнетақы және жәрдемақы алушылар жалдамалы жұмысшы ретінде жұмыссыз қалса (өтінішті жұмыс беруші береді) немесе жеке кәсіпкерлікпен айналысса, соның ішінде БЖТ-ны тұрақты төлесе (ай сайын) және шектеулерге байланысты кірісінен айырылса, біржолғы төлем алуға құқылы.

6. 42 500 теңгеге өтінішті қайда беруге болады?

42 500 теңге алу үшін өтінішті мынадай жолдармен беруге болады:

- Еgov.kz порталы;

- 42500.enbek.kz порталы;

- Тelegram-бот;

- Aitu мессенджеріндегі 42500.enbek.kz қолданбасы;

- екінші деңгейдегі банктердің мобайл қолданбалары мен интернет-ресурстары.

Сондай-ақ 16 шілдеден бастап БЖТ төлеп жүрген азаматтарға біржолғы төлемді тағайындау туралы SMS-хабарлама жіберіліп жатыр.

Төлем тағайындауға SMS арқылы келісім берген азаматтарға басқа жолмен өтініш рәсімдеудің қажеті жоқ, себебі хабарламаға жауап автомат түрде өтініш беру болып саналады.

17 шілдеден бастап жеке кәсіпкерлерден; жеке практикамен айналысатын адамдардан; азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалардан өтініштер қабылданады.

Жалақысыз демалысқа жіберілген жалдамалы қызметкерлер үшін өтінішті тек жұмыс беруші ғана беретінін атап өту қажет. Жұмыс берушілерден (заңды және жеке тұлғалардан) өтініштер 19 шілдеден бастап қабылданады.

7. 42 500 теңге төлемі бойынша өтініштер қай уақытқа дейін қабылданады?

2020 жылдың шілдесінде шектеу шараларын енгізу салдарынан табысынан айырылған азаматтар біржолғы төлем тағайындау туралы өтінішті 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін бере алады.

8. Карантин тағы ұзарса, азаматтар тамызда да 42 500 теңге ала ма?

2020 жылдың шілдесінде шектеу шараларын енгізуге байланысты кірісінен айырылған азаматтарға біржолғы әлеуметтік төлемді жүзеге асыру қағидаларына сай төлем бір рет тағайындалады және ең төменгі бір айлық жалақы мөлшерінде белгіленеді.

42 500 теңге шілде айына ғана төленеді.

9. Жұмыс беруші өз қызметкерлері үшін 42 500 теңге алуға өтініш беруден бас тартса, не істеу керек?

Шілде айындағы шектеулерге байланысты жалақысыз демалысқа шыққан жұмыскерлер бойынша 42 500 теңге мөлшерінде біржолғы төлем алу өтінішін жұмыс берушінің өзі ұсынады.

Жұмыс беруші төлемді тағайындау қағидаларының талабын сақтамаған жағдайда қызметкер жергілікті еңбек инспекциясына жүгінуге құқылы.

10. Ауылда интернет болмаса, өтінішті қалай беруге болады?

Қазір барлық елді-мекендерде мобайл интернет қолжетімді екенін ескерсек, Telegram-боттар мен екінші деңгейлі банктердің мобайл қолданбалары арқылы өтініш беруге болады.

Бірреттік төлемді тағайындау туралы SMS-хабарлама келсе, онда өтініш берудің қажеті жоқ. Хабарламаға жауап беру жеткілікті.

11. 42 500 теңге алуға жіберілген өтініш қанша уақыт қаралады?

Өтінішті қарау және бірреттік әлеуметтік төлем тағайындау мерзімі - 5 жұмыс күні.

12. 1414 нөмірінен 42 500 теңгені тағайындау туралы SMS келгенде оған қалай жауап беру керек?

SMS алған азамат 42 500 теңге көлеміндегі біржолғы төлемді алуға келіссе, жауап ретінде "1" цифрін жіберуі керек. Бас тартса, "2" санын енгізуі қажет.

13. Өткен карантинде 42500 теңге алған адамға SMS келгенде жауап қайтарылмай тұрса, не істеу керек?

Төлемді проактив тағайындау үшін келген SMS-хабарламаға 5 жұмыс күні ішінде жауап беру керек. Ал SMS-жауап жолдау кезінде қате шықса, бұл мына себептерден болуы мүмкін:

- теңгеріміңіз 1 бірліктен аз;

- телефон баптауларында қысқа нөмірлерге SMS-хабарлама жіберуге тыйым салынған;

- баптауларда мәтін хабарламаларға тыйым салынған және MMS-хабарламалар басымдыққа ие;

- байланыс сапасы нашар;

- ұялы байланыс операторына байланысты басқадай қиындықтар.

Бұған дейінгі төтенше жағдай кезінде төлем алған, қосымша шектеулердің енгізілуіне байланысты табысынан айырылу ықтималдығы жоғары азаматтарға SMS-хабарлама жіберілгенін еске сала кетейік. Бұл хабарламаға SMS арқылы: кірісті жоғалту дерегін растау үшін 1 нөмірімен немесе төлеуден бас тартқан жағдайда 2 нөмірімен жауап беру керек. Оң жауап болған жағдайда төлем сомасы бұрын төлем түскен шотқа аударылады. Қосымша өтініш берудің қажеті жоқ.

14. 1414 нөмірінен 42 500 теңге төлемін тағайындауды растау туралы SMS алған адам хабарламада өзінің ЖСН-і көрсетілмегенін байқаса, не істеу керек? Кімге хабарласуға болады?

SMS-хабарлама бұрын төлем алған азаматтарға жіберілді. Егер келген SMS-хабарламада басқа адамның ЖСН-і болса, хабарламаны елемеу керек.

15. Адамның жалақысы қысқарса, 42 500 теңгеге өтініш бере ала ма?

Біржолғы төлем бір рет тағайындалады және шектеу шараларын енгізуге байланысты шілдеде кірістен толық айырылған жағдайда тиісті қаржы жылына "Республикалық бюджет туралы" заңымен белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерінде белгіленеді.

Азамат кірістен толық айырылмаса, төлем тағайындалмайды.

16. Адам сырқаттанып, уақытша еңбекке жарамсыз құжатын алса, оған 42 500 теңге беріле ме?

Ауырып қалып, уақытша еңбекке жарамсыз кезеңіндегі азаматтарға әлеуметтік төлем тағайындалмайды.

ҚР Еңбек кодексінің 133-бабына сай, жұмыс беруші уақытша еңбекке жарамсыз жұмысшыларына өз қаражаты есебінен әлеуметтік жәрдемақы төлеуге тиіс.

17. Адамның банкте шоты болмаса, жолдасының шотын көрсетіп, 42 500 теңгеге өтініш бере ала ма?

Өтініш бергенде адам тек өзінің банк шотын көрсетуге тиіс.

Біржолғы әлеуметтік төлем адамның ЖСН, аты-жөні және банктегі шот нөмірі сай келген жағдайда ғана ақша есепшотқа аударылады.

Біржолғы төлем жасау туралы өтініштер 2020 жылдың 17 шілдесінен 1 қыркүйегіне дейін қабылданады. Осы мерзімде адам өзіне ыңғайлы банкке хабарласып, шот ашуына болады.

18. Жеке кәсіпкерлер 42 500 теңгені алу үшін қай күннен бастап табыссыз қалған болуы керек?

Осы жылдың 5 шілдесінен бастап (Қазақстанда шектеу шаралары енгізілген кезден) кірісін толығымен жоғалтқан жеке кәсіпкерлер шектеу шараларының енгізілуіне байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан ең төменгі жалақы - 42 500 теңге мөлшерінде біржолғы төлем алуға өтініш бере алады.

Табыс жоғалту фактісін "Атамекен" кәсіпкерлер палатасымен және Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесе отырып, аудандық (қалалық) штабтар растайды.