Өскеменде цех опырылып түсті: үйінді астында адамдар болуы мүмкін

Өскемендегі «Казцинк» зауытының бір цехында болған жарылыстан кейін құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрт сөндірушілер жалынды толық тоқтатып, зақымданған конструкцияларды бөлшектеу жұмыстарын жүргізген. Қазіргі уақытта үйінді астында қалған адамдарды іздестіру жұмыстары жүріп жатыр.

Оқиға орнына кинологтар арнайы үйретілген иттермен тартылған. Құтқарушылар қирандыларды мұқият тексеріп, тірі қалғандарды анықтауға күш салып жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, төрт адам жарақат алып, медициналық мекемелерге жеткізілген, — делінген хабарламада.

ТЖМ жариялаған фото және бейнематериалдарда цехтың едәуір бөлігі опырылып түскені байқалады. Қауіпсіздік мақсатында аумақта жұмыс істеп жатқан құтқарушылар арнайы қорғаныс маскаларын қолданып жатыр.